«Әйел босанғаннан кейін өзін жалғыз сезінбеуі керек»
Диана мен оның патронаж мейірбикесі Арайлым ананың психикалық денсаулығын қорғау және нығайту жолдарын бірге зерттейді
Жүктілікке байланысты өмірдегі өзгерістер әйелдерді психикалық ауруларға, соның ішінде депрессия мен үрейлілікке ұрымтал етеді. Қазақстанда аналардың 60 пайызға жуығы босанғаннан кейінгі депрессиядан азап шегеді, бұл - әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Диана Мадыраимова – 35 жастағы Тараз қаласының (Қазақстан) тұрғыны, үш баланың анасы, ол босанғаннан кейінгі үрейлілікті және депрессияны бастан кешірген.
«Мен жақсы ана бола аламын ба? Әлде, бола алмаймын ба? Еш сенімді емес едім», дейді Диана. «Босанғаннан кейін маған жылы әрі жігерлендіретін сөздер керек еді. Аздап демалып алу үшін баламды біреудің көтере тұрғанын қаладым»
Өз тәжірибесіне ой жүгірте отырып, Диана босанғаннан кейін аналарға күтім мен қамқорлық жасау маңызды екенін атап өтті. «Бірде үйде баламен жалғыз қалып, қайда қашарымды білмей қалдым. Әрине, балаңды жақсы көресің, бірақ кейде жай ғана демалғың келеді», деп қосты Диана. «Шынымды айтсам, мұны ешкім түсінбейді».
Дианаға келсек, алғашқы күндері ол жұбайынан ешқандай қолдау көрмеген; олардың арасында түсініспеушілік туындаған. Ақырында Диана өзінің шаршағанын, осындай қиын кезеңнен өту үшін жұбайының қосымша қолдауы мен көмегін қажет ететінін айтып, өз сезімдерін батыл жайып салуға бел буған.
«Әйел отбасына келін болып түскенде оның өмірі күрт өзгереді. Бірақ ер адамның өмірі дәл сол күйінде қалады. Оның ата-анасы, бауырлары, достары әрқашан қасында, ал әйел көбінесе жалғыз қалады, бұл - стресстің тағы бір себебі. Әйел босанғаннан кейін өзін жалғыз сезінбеуі керек», дейді ол.
Бала жаңа туыла салған алғашқы күндердегі стресс үздіксіз өзгерістердің, соның ішінде оқшауланудың, жаңа туған нәрестенің бітпейтін физикалық қажеттіліктерінің, жақын адамдардың жеткіліксіз қолдауының, ұйқының қанбауының кесірінен ушыға түседі. Диана жұбайымен ашық сөйлескеннен кейін қажетті қолдау тапқанын, өмірінің сапасын бірден өзгергенін байқады. Жұбайы тұңғыш перзенттерін босанғаннан кейін Диананың жағдайын дұрыс түсінбесе де, екінші және үшінші балаларын босанғаннан кейін тиісінше қолдау көрсеткен.
Осындай қиын кезде Қазақстандағы жас аналарға патронаж (үйге келетін) мейірбикелердің тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Бағдарлама жүктілік кезінде және босанғаннан кейін балалар үш жасқа толғанға дейін мейірбикелердің келіп тұруын көздейді. Олар баланың денсаулығы мен дамуын бақылайды, ата-аналар мен қамқоршыларға ата-аналық дағдыларын дамытуда және психикалық денсаулығы мен әл-ауқатын сақтауда қолдау көрсетеді. Мұндай мейірбикелер алғашқы көмек көрсете алады, өмірге қауіп төндіретін белгілерді тани алады, іс-қимыл жоспарларын жүзеге асыру үшін отбасылармен жұмыс істей алады. Олар аналардың бойындағы перинаталдық депрессияны анықтай алады, уақытылы қолдау көрсету және қосымша көмекке бағыттау шараларын қолдана алады.
«Білікті маманнан кеңес алсаңыз, уайымдамайсыз», деп Диана өзі сияқты аналарды өз уайымдары мен сезімдерін ашық айтып, жақындарынан көмек сұрауға шақырады. «Босанғаннан кейін маған патронаж мейірбике келді. Ол үнемі, ай сайын келіп тұрады», деп толықтырды ол.
Арайлым Құрбанәлі – Диананың отбасына келіп тұратын мейірбике.
«Біз Арайлымды жақсы көреміз. Екінші балам Әлижан туылғаннан бері қасымызда болды, қазір Дәмелі екеумізге келіп тұрады». Диана Арайлымның оларға ай сайын келетінін және қазір отбасының бір мүшесі сияқты болып кеткенін айтты.
Арайлым – Қазақстандағы 11200 патронаж мейірбикенің бірі.
«Егер ананың бойында эмоциялық немесе психикалық өзгерістер болса, біз сұхбат жүргіземіз, кеңес береміз, психологтың көмегіне жүгінеміз. Мұндай жағдай көбінесе [аналар] босанғаннан кейінгі өмірге үйренбегендіктен болады, олар күндіз-түні нәрестеге күтім жасаудан шаршайды. Сонымен бірге үйдегі отбасы мүшелерімен сұхбат жүргіземіз, әйелге қолдау көрсетулері үшін оның жағдайын, басынан не өтіп жатқанын түсіндіреміз», дейді Арайлым.
«Көмек сұрау керек. Менің түсінгенім осы. «Бәрін өзім істей аламын» деуге болмайды. Өзіңді өзің ойламасаң, ешкім де сені ойламайды», деп қорытындылады Диана. «Егер мейірбике маған көмектессе, демек, басқа аналарға да көмектеседі».