ҚР ІІМ мен ЮНИСЕФ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында сот төрелігінің жаңа стандарттарын енгізуде

02 Маусым 2026
trainings of Ministry of Internal Affairs
MIA/Kazakhstan/2026

ҚАРАҒАНДЫ, Қазақстан, 2026 жылғы 21 мамыр — Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 20 тергеуші зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардың құқықтарын қорғаудың жаңартылған бағдарламасы бойынша жұмысқа кірісті. Бұл маңызды қадам Б. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының базасында мастер-тренерлерді даярлаудың арнайы курсы аяқталғаннан кейін мүмкін болды. Енді мамандар заманауи халықаралық тәсілдерді күнделікті тергеу практикасына біріктіретін болады.

ҚР Ішкі істер министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, «Safe Online» жаһандық қорының қолдауымен іске асырған бұл бағдарлама балаларға қатысты зорлық-зомбылық, сексуалдық қанау және пайдаланумен байланысты қылмыстарды тергеу әдістерін түбегейлі жаңартуды көздейді. Бағдарламаның өзегі — сот төрелігінің барлық кезеңдерінде баланың құқықтарын, қауіпсіздігін және оның ең жақсы мүдделерін қамтамасыз ету.

Баланың мүдделері мен қажеттіліктеріне бағдарланған бұл тәсіл, сондай-ақ тергеу әрекеттері кезінде баланың қайталама жарақат алу (ретравматизация) қаупін азайтуға мүмкіндік беретін травма-ақпараттандырылған тәжірибе енді ұлттық кәсіби даярлау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. 40 сағаттық оқу курсы қолданыстағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспарларына және ІІМ академиялары курсанттарының оқу бағдарламасына енгізілді.

Жаңа әдістемені өз өңірлерінде қолдана бастаған бағдарлама қатысушылары оның іс жүзіндегі тиімділігін жоғары бағалап отыр:

«Бұл оқыту бізге ең алдымен қиын жағдайға тап болған балалар үшін ұзақ мерзімді пайдасы бар травма-ақпараттандырылған тәсіл туралы білуге мүмкіндік берді. Осындай әдістерді қолданған кезде бала аз күйзеліске ұшырайды. Бұл оның психологиялық оңалуы үшін де, біздің жұмысымыздың жалпы тиімділігі үшін де өте маңызды»,

— деп атап өтті Ұлытау облысы Полиция департаменті Жаңаарқа аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры С.М. Аман.

trainings of Ministry of Internal Affairs
MIA/Kazakhstan/2026

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция подполковнигі Ш.Б. Касимова бастаманың жүйелі маңыздылығына тоқталды:

«Бүгінде ҚР ІІМ мен ЮНИСЕФ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін сот төрелігінің жаңа тәсілдерін енгізуде. Бұл бізге әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес келетін және тергеудің барлық кезеңдерінде баланың мүдделерін бірінші орынға қоя отырып, оны кәсіби түрде сүйемелдеуге мүмкіндік беретін нақты құралдарды береді».

Бағдарлама балалар үшін қауіп-қатерлер, соның ішінде онлайн-груминг және заңсыз контенттің таралуы барған сайын жасырын әрі технологиялық тұрғыдан күрделі сипат алып жатқан жағдайда, құқық қорғау органдарының кәсіби құзыреттілігін арттырудың өткір қажеттілігіне берілген жауап болып табылады.

Мастер-тренерлерді даярлау жаңа тәсілдерді бүкіл ел деңгейінде таратуға мүмкіндік берді. Халықаралық стандарттар бойынша оқытылған ІІМ жүйесіндегі академия оқытушылары бұл білім мен дағдыларды осындай істермен тікелей айналысатын тергеушілерге үйретуде. Негізгі мақсат — баланың қайталама жарақат алу қаупін барынша азайту және сот төрелігінің әрбір кезеңінде баланы кәсіби, ұқыпты сүйемелдеуді қамтамасыз ету.

«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерінде қылмысты тиімді тергеп қана қоймай, сот төрелігінің әрбір кезеңі бала үшін қауіпсіз және берекелі болуын қамтамасыз ету маңызды», — дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар. — «ЮНИСЕФ мамандарға зардап шеккен балалардың жасын, қажеттіліктерін және психологиялық жағдайын ескеруге көмектесетін тәсілдерді енгізуді қолдайды. Тергеушілердің кәсіби құзыреттілігін нығайту — балалардың дауысы естілуі, олардың қорғалуы және қайталама жарақатқа ұшырамауы жолындағы маңызды қадам».

Оқу барысында тергеушілер сот жүйесінде балалармен жұмыс істеудің халықаралық деңгейде танылған тәсілдерін егжей-тегжейлі зерделеді. Бағдарлама травма-ақпараттандырылған коммуникацияны және NICHD (Ұлттық бала денсаулығы және адам дамуы институты) хаттамасына негізделген құрылымдалған сұхбат жүргізу әдістерін меңгеруді қамтыды.

Бұл әдістерді жергілікті жерлерде қолдану қызметкерлерге балаға қысым жасамай, оның жасын, жағдайын және қажеттіліктерін толық ескере отырып, нақты әрі сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді. Цифрлық дәлелдемелермен және онлайн-платформалардан алынған материалдармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінді. «Safe Online» жаһандық қорының қолдауының арқасында Қазақстанда енгізіліп жатқан тәсілдер озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, балаларды цифрлық ортадағы қанаудан тиімді қорғауға жол ашады.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.