ҚДСҰО мен ЮНИСЕФ Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдау бағдарламасын кеңейтуде
Астана, 2026 жылғы 10 маусым – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын нығайту бағдарламасын кеңейтеді. Маусым айында Түркістан облысында, Алматы және Шымкент қалаларында ДДҰ-ның mhGAP бағдарламасы бойынша оқыту жұмыстары басталады.
Таяу айларда денсаулық сақтау жүйесінің 900-ден астам маманы — жалпы практикалық дәрігерлер, психиатрлар мен психологтар — балалар мен жасөспірімдердегі психоэмоционалдық және мінез-құлық бұзылыстарын ерте анықтау, дағдарыстық жағдайларды бағалау және уақтылы көмек көрсету мәселелері бойынша даярлықтан өтеді.
Оқытуды ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысының жетекшілігімен арнайы дайындықтан өткен ұлттық шебер-жаттықтырушылар жүргізеді. Алынған білім мен практикалық құралдар жергілікті жерлердегі мамандарға эмоционалдық қолайсыздық белгілерін дер кезінде анықтауға және туындаған қиындықтар күрделі дағдарысқа ұласпай тұрып, балалар мен жасөспірімдерге қажетті қолдау көрсетуге көмектеседі.
Бағдарлама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық ұсынымдарына негізделген және ерте диагностикалау, алғашқы психологиялық қолдау көрсету, қауіп-қатерлерді бағалау дағдыларын дамытуды, сондай-ақ медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.
Бұл бастама Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау жүйесін нығайту және халық арасында суицидтің алдын алу жөніндегі Жол картасын іске асыру бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Мамандарды оқытудан бөлек, жоба аясында скринингтер өткізу, жасөспірімдер мен ата-аналар арасында психологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ пилоттық өңірлердегі мектептер мен колледждерде әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бағдарламаларын енгізу жоспарланған.
Бағдарлама 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге бағытталған және сапалы көмектің қолжетімділігін арттыруға, қауіп-қатерлерді ерте анықтау жүйесін дамытуға және эмоционалдық қиындықтарға тап болған балалар мен жасөспірімдерді қолдаудың қосымша тетіктерін құруды көздейді.
Медицина қызметкерлерін оқыту — 2025 жылы Алматыда өткен ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық гала-кешінде жиналған қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан жасөспірімдердің психикалық саулығын нығайту жөніндегі ауқымды бағдарламаның құрамдас бөлігі. Бағдарлама аясында білім беру және денсаулық сақтау саласының 50 500 маманын даярлау, бүкіл ел бойынша 140 000-ға дейін жасөспірімді қолдаумен қамту және мамандандырылған көмекке мұқтаж 10 000-ға дейін жасөспірімнің мамандар тарапынан жеке және топтық кеңестер алуына жағдай жасау жоспарлануда.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.