Орта білім берудегі жасанды интеллект – ЮНИСЕФ және NURIS бірлескен жобаны қолға алды

АСТАНА, 15 наурыз 2024 жыл – Бүгін Қазақстанның елордасы Астанада БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жәнеНазарбаев Университетінің NURIS Инновациялық кластері білім беру саласында бірлескен жобаны қолға алды. Жоба жаңа цифрлық қоғамдық игіліктерді (Digital Public Goods - DPG) - білім беру саласындағы ашық бастапқы коды бар IT өнімдерді әзірлеуді және қаржыландыруды қолдауға бағытталатын болады. Жасалатын өнімдер Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсында БҰҰ Бас хатшысы бекіткен жаһандық стандарттарға сай болуы тиіс. Жоба жас қазақстандық әзірлеушілер мен стартаптардың белсенді қатысуын қарастырады, осылайша білім беру саласындағы инновацияларды дамытуға деген ұмтылысты айқын көрсетеді.
Жоба Назарбаев Университетінің NURIS Инновациялық кластерінің алаңында өткізілетін семинарлар топтамасынан басталады. Алғашқы семинар мектепте білім беруде жасанды интеллектіні сәтті қолдану мысалдарын талқылауға, білім беруді дербестендіру және оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімделу үшін ЖИ қолдану бойынша өзара идея алмасуға арналған. Семинар орта білім беретін мектептердегі білім сапасын арттыру, сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалана отырып, жаңа әдіс-тәсілдерді іздеу үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану мүмкін болатын салаларды зерттеу мақсатында ұйымдастырылған.
«NURIS» Инновациялық даму директоры Абзал Дәрібаевтың айтуынша:«ЖИ өмірдің барлық салаларына белсенді енгізіліп жатыр, ЖИ және білім саласындағы деректердің орасан зор көлемін тиімді басқару және процестерді тиімді ұйымдастыру үшін әртүрлі пәндер мен салалардағы мүдделі тараптармен белсенді пікірталастар мен ынтымақтастық қажет. Бүгінгі шарада біз орта білім беруде ЖИ қолданудың артықшылықтарын және кемшіліктерін талқылай алдық. ЖИ мұғалім жұмысын қалай жеңілдете алады, оқу үдерісінде ЖИ белсенді қолдану үшін қандай құзыреттерді дамыту керек деген мәселелер қозғалды. Жалпы NURIS EdTech бағытын дамыту үшін белсенді жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар Университет аумағында және одан тыс жерлерде цифрлық қоғамдық игіліктерді дамыту үшін акселерация бағдарламаларын жүргізеді».
ЮНИСЕФ білім және дағдылар бағдарламалары жетекшісі Татьяна Адерихина БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясына сүйене отырып, ЮНИСЕФ жасанды интеллектіні балалардың құқықтарын бұзбай қолдану талаптарын түсіндіретін бірқатар нұсқаулықтар әзірлегенін және елге өз әдіс-тәсілін айқындауға көмектесе алатынын айтты. «Жасанды интелектінің білімге тигізетін ауқымы кеңірек әсерін қарастыратын болсақ, оның түрлендіруші сипатқа ие болатынына күмән жоқ – уақыт өзі көрсетеді. Жасанды интеллект жүйелері ерте оқытудан бастап виртуалды тәлімгерлік пен мектеп басшылығына дейін білім беру мүмкіндіктерін жақсартуға уәде береді. Біздің міндетіміз – цифрлық қоғамдық игіліктерді дамытуда ЖИ қолданудың барлық оңды тұстарынескеру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зиянды әсерден қорғау».
Семинарға білім беру саласының 80-нен астам сарапшылары мен практик мамандары, оның ішінде ЮНИСЕФ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, QUANTUM STEM SCHOOL және Назарбаев Университетінің мамандары қатысты. Шара мектеп оқушыларының IT-шешімдерге қолжетімділігін кеңейту және олардың бағдарламалау дағдыларын дамытуға септесу үшін білім беру процесіне арналған инновациялық әдіс-тәсілдерді жасап шығаруға және білім беру жүйесінде пайдалануға болатын цифрлық қоғамдық игіліктердіенгізуге ықпал ете отырып, тәжірибе мен идея алмасу алаңына айналды.
Медиа байланыс
Редакторларға арналған ескертпелер:
Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы (Digital Public Goods Alliance) – цифрлық қоғамдық игіліктерді ашуға, әзірлеуге, пайдалануға және инвестициялауға септесу арқылы табысы төмен және орташа елдерде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге бағытталған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мақұлдаған көптарапты бастама.
Цифрлық қоғамдық игіліктер стандарты (DPG стандарты) – белгілі бір нәрсенің 2020 жылға арналған Цифрлық ынтымақтастық жол картасында БҰҰ Бас хатшысы баяндаған цифрлық қоғамдық игіліктер анықтамасына сайкелетіні не келмейтіні туралы барынша тиімді консенсусқа қол жеткізу үшін әзірленген спецификациялар мен нұсқаулықтар жиынтығы.
Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы туралы қосымша ақпарат алу үшін келесі мекенжайға хабарласыңыз: hello@digitalpublicgoods.net
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Өзінің серіктестерімен бірге ЮНИСЕФ әлемнің түкпір-түкпіріндегі балалардың игілігі үшін, әсіресе аз қамтылған және оқшау қалған балаларды қамтуға ерекше назар аудара отырып, өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында 190 ел мен аумақта жұмыс істейді.
ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ www.unicef.org веб-сайтында.
Біздің Instagram,Facebook және Twitter парақшаларымызға жазылыңыз.