Көкшетауда «ЮНИСЕФ Жастары» хабы ашылды: игі істер мен балалар құқығын қорғауға арналған жаңа белес
КӨКШЕТАУ, 2026 жылғы 20 мамыр — Бүгін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «ЮНИСЕФ Жастары» өңірлік волонтерлік хабының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа алаң Ақмола облысында балалардың құқықтарын қорғауға, менталды саулықты қолдауға және экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған стратегиялық ресурстық орталыққа айналмақ.
Орталықтың ашылуы жоғары деңгейлі делегацияның өңірге сапарының басты оқиғасы болды. Шараға БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Никита Шабаев және ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов қатысты.
Сапар аясында делегация өкілдері Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен кездесіп, өңірдегі балалық шақты қолдаудың жүйелі шараларын талқылады. Маңызды кезеңнің бірі ретінде ЮНИСЕФ пен Ш. Уәлиханов атындағы университет арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжат хабтың жастар үшін тұрақты білім беру және әлеуметтік база ретіндегі мәртебесін бекітті.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча өз сөзінде былай деп атап өтті:
«Жастар – тек болашақтың көшбасшылары ғана емес, олар – бүгінгі өзгерістердің басты қозғаушы күші. Көкшетауда осы хабтың ашылуы біздің Тұрақты даму мақсаттарына деген ортақ адалдығымызды көрсетеді. Біз әрбір жастың үні естілетін, ал олардың қоғамға пайда әкелуге деген талпынысы нақты қолдау табатын орта қалыптастырып жатырмыз».
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар жаңа алаңның стратегиялық рөлін ерекше атап өтті:
«"ЮНИСЕФ Жастары" бағдарламасы "Learn – Share – Lead" (Үйрен – Бөліс – Баста) моделіне негізделген. Біз еріктілерге бала құқықтары мен менталды саулық туралы терең білім береміз, ал олар бұл білімді замандастарына таратады. Бүгінде волонтерлік мыңдаған қазақстандық жастардың саналы азаматтық ұстанымына айналды, біз оларды осы жолда қолдағанымызды мақтан тұтамыз».
Өз кезегінде ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов бұл бастаманың мемлекеттік саясат тұрғысынан маңыздылығына тоқталды:
«Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Көкшетаудағы хабтың ашылуы – осы ауқымды қозғалысты кеңейту жолындағы тағы бір нық қадам. Мұнда волонтерлік қызмет бала мүддесін қорғауды басты басымдық деп санайтын жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеу құралына айналады».
Жаңа кеңістік заманауи коворкинг үлгісінде жабдықталған, оның ішіне:
- Интернетпен қамтылған топтық жұмыс аймақтары;
- Подкаст жазуға және білім беру контентін жасауға арналған кәсіби медиа-студия;
- Бала құқықтары мен менталды саулыққа арналған мамандандырылған кітапхана кіреді.
Сонымен қатар, волонтерлер үшін онлайн-курстар мен жеке тапсырмалар жүйесін қамтитын арнайы білім беру платформасына қолжетімділік ашылды.
Көкшетаудағы хаб – бүгінде 10 000-нан астам еріктінің басын қосқан ұлттық «ЮНИСЕФ Жастары» желісінің бір бөлігі. Бағдарламаның жетістіктері қуантады: тек 2025 жылдың өзінде бүкіл Қазақстан бойынша еріктілер 500 тоннадан астам қоқыс жинап, 20 000-нан астам ағаш отырғызды. Сондай-ақ, 100 000-нан астам балаға бала құқықтары мен цифрлық қауіпсіздік туралы ағартушылық сабақтарын өткізді. Бағдарлама бастамаларының медиа-қамтылымы 1 миллионнан астам адамды құрады.
ЮНИСЕФ-тің алдағы екі жылға арналған жоспары – волонтерлік қозғалысқа 20 000-ға жуық жасты тартып, еліміздің 6 өңірлік хабы арқылы 2 миллионнан астам баланы пайдалы жобалармен қамту. Көкшетаудағы жаңа орталық көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және балалардың мүдделерін қорғауға ниетті 16-35 жас аралығындағы барлық белсенді азаматтар — мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар үшін ашық.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.