Атырау облысының әкімдігі, ЮНИСЕФ және Ұлттық статистика бюросы МИКС зерттеу қорытындысы бойынша кеңес өткізді
Атырау, 2025 жылғы 6 тамыз — Атырау облысының әкімдігінде Ұлттық статистика бюросы мен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдерімен ресми кездесу өтті. Сапар ЮНИСЕФ-тің балалардың құқықтарын қорғау, тұрақты даму және жастар саясаты саласындағы әріптестікті нығайтуға және басымдықтарды ілгерілетуге бағытталған арнайы миссиясы шеңберінде өтеді.
ЮНИСЕФ 2024 жылы Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) жүргізу кезінде белсенді қолдау көрсеткені және тиімді үйлестіргені үшін Атырау облысы әкімдігіне алғысын білдірді. Зерттеу барысында білім беру мен медициналық қызметтерге қолжетімділікті, өмір сүру жағдайларын, тамақтану мен қорғау деңгейін қоса алғанда, өңірдегі балалардың, әйелдер мен жастардың жағдайы туралы бірегей және өзекті деректер жиналды.
МИКС талдау нәтижелері бойынша Атырау облысы білім беру және балаларды ерте дамыту саласында елеулі жетістіктерді көрсетіп отыр. Аймақ санау дағдылары бойынша елде 6-шы орында: балалардың 81%-ы негізгі математикалық білімдерін көрсетті. Үй шаруашылығындағы кітаптардың шектеулі санына қарамастан, балалардың 83,1%-ы оқу дағдыларын көрсетті. Ерте жаста даму индексі бойынша Атырау облысы 8-ші орында — 2 жастан 4 жасқа дейінгі 10 баланың 8-і денсаулық, оқыту және психоэмоционалды салауаттылық салаларындағы өз жасына сәйкес дамиды.
Аймақ сонымен қатар елдегі кедейліктің ең төменгі деңгейіндегі өңірдің бірі болып табылады: жалпы кедейлік деңгейі 2,9%, балалар кедейлігі деңгейі 4,3%. Соңғы 10 жылда кедейліктің жалпы деңгейі небәрі 0,1 пайыздық тармаққа өсті, ал балалар кедейлігі 0,5 тармаққа қысқарды. Өңірде балалар еңбегінің жағдайлары тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, МИКС қорытындысы жоғары назар аударуды қажет ететін бірқатар бағыттарды анықтады. Зерттеудің бағалауы бойынша аймақтағы неонаталдық өлім-жітім деңгейі 1000 тірі туылғандарға шаққанда 7 жағдайды, ал 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 1000-ға шаққанда 11 жағдайды құрайды. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 9,58-ден 11-ге дейін өсті.
Қараусыз қалған балалардың жоғары үлесі де алаңдатады: сәбилердің 7,2% үйде жалғыз немесе 10 жасқа толмаған баланың бақылауында. Әрбір үшінші бала (35,6%) тәрбие процесінде физикалық немесе психологиялық қысым көрсету әдістеріне ұшырайды.
5 жасқа дейінгі балалар арасындағы тамақтану көрсеткіштері маңызды мәселе болып қала береді. Әрбір оныншы баланың бойында орташа, әрбір жиырмасыншы баланың бойында айқын артта қалушылық бар. Балалардың 9,3%-ы дене салмағының орташа жетіспеушілігінен, 4,1%-ы ауыр салмақтан зардап шегеді. Сонымен қатар, аймақта семіздіктің жоғары деңгейі байқалады: 13,1% — орташа және 6,2% — ауыр. Бұл көрсеткіштердің барлығы ел бойынша орташа көрсеткіштен 2-3 есе көп. Соңғы 10 жылда жағдай барлық бағыттар бойынша ушығып кетті: өсудің айқын кідірісі, тамақтану тапшылығы және ауыр семіздік көрсеткіштері артты.
ЮНИСЕФ, Ұлттық статистика бюросы және әкімдік өкілдері балалардың мүддесі үшін өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және түзету үшін МИКС деректерін тұрақты пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Алынған нәтижелер ведомствоаралық жоспарлау және Атырау облысында орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті жеделдету үшін негіз болады.
Тараптар өңірдің тұрақты дамуына және әрбір бала үшін қолайлы орта құруға ықпал ететін стратегиялық диалогті жалғастыруға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.