АИТВ-мен өмір сүретін 200 жасөспірім Teenergizer әдіснамасы бойынша өмірлік дағдыларды нығайту және көшбасшылық қабілеттірді дамыту бойынша оқытудан өтті

АЛМАТЫ, 21 қараша 2022 ж. - БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС бойынша Біріккен бағдарламасымен (ЮНЭЙДС) және «Теңге-тең Плюс» ҚБ-мен серіктестікте АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге арналған «АШЫҚ ҚАТЫСУ» күзгі лагерін ұйымдастырды. Лагерьді ЮНИСЕФ–тің жоғары білікті сарапшылары мен жаттықтырушылары - дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер басқарды. Лагерь аясында жасөспірімдер Teenergizer әдіснамасы бойынша өмірлік дағдыларды нығайту және көшбасшылық қабілеттерді дамыту бойынша оқытудан өтті. Лагерь бағдарламасы АИТВ-ға байланысты кәсіптік бағдар беру, стигма мен кемсітушілік, созылмалы ауруды басқару және қолдау топтарын құру бойынша ақпараттық сессиялар мен практикалық сабақтарды қамтыды. Лагерьге еліміздің 5 өңірінен – Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Шымкент қаласынан 200 жасөспірім қатысты.
«Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК деректері бойынша 2022 жылдың басында кәмелетке толмағандар арасында АИТВ-инфекциясының тіркелген жағдайларының абсолютті саны 740, яғни Қазақстан Республикасында АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдардың 2,84% құрады (25 978).
ДДҰ анықтамасына сәйкес «Денсаулық» ұғымы – бұл аурудың немесе физикалық ақаулардың болмауы ғана емес, сонымен қатар толық физикалық, рухани және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы. АИТВ жасөспірімдер өмірінің негізгі аспектілері - физикалық, психологиялық, әлеуметтік және рухани дамуына әсер етеді. Өмірлік дағдылар мен құзыреттердің, репродуктивті және психикалық денсаулық туралы сапалы білімнің арқасында АИТВ-мен өмір сүретін жасөспірімдердің жасөспірімдік кезеңнен сәтті өту мүмкіндігі жоғары. Жыл сайын АИТВ-мен ауыратын жасөспірімдердің жас құрылымы өзгеріп отырады, жаңа ретроспективті жағдайлар тіркеледі, сондықтан жасөспірімдерді қоғамдық жұмыстарға тарту, оларға көшбасшылық дағдылар мен стигмаға қарсы тұруға үйрету, мәртебені ашуға қолдау көрсету және емдеуге жоғары бейілділікті дамыту маңызды болады. Жыл сайын АИТВ-инфекциясы, жастармен жұмыс істеу тәсілдері туралы жаңа ақпарат пайда болады, оларды АИТВ-мен өмір сүретін жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау және енгізу қажет.
«Лагерьдің арқасында АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдер өздерінің көшбасшылық және коммуникациялық құзыреттерін арттырды. Teenergizer әдістемесі оларға өздерін жақсы түсінуге, диалог жүргізуді үйренуге, өмірлері үшін маңызды қадамдар мен шешімдерді жоспарлауға және жүзеге асыруға көмектесті. Біз жасөспірімдерге мамандықты қалай меңгеруді және армандаған жұмысқа қалай орналасуды үйреттік. Жасөспірімдер практикалық сабақтар циклынан өтті»,- дейді «Теңге-тең Плюс» ҚБ Атқарушы директоры Людмила Полякова.
«Стигма - бұл адамның құнсыздануына әкелетін және теріс әсер ететін әлеуметтік тұрғыдан құрылған құбылыс. Стигма мен кемсітушілікке байланысты балалардың құқықтары жиі еленбейді немесе бұзылады. Стереотиптер мен қорқыныш денсаулық сақтау мен сапалы өмірге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Қоғамда АИТВ-ға қатысты қалыптасқан теріс пікірді өзгерту қажет. Стигма мен кемсітушілікті жою туралы айтатын болсақ, біз не істеу керектігін, не үшін істеу керектігін білеміз және оның мәні бар екенін білеміз!»,- деп атап өтті «Теңге-тең плюс» ҚБ жоба үйлестірушісі Валентина Манкиева.
«Созылмалы аурулармен өмір сүретін жасөспірімдер қауіп факторларын басқару және олардың ауруын бақылау дағдыларын дамытуы керек. Бұл олардан медициналық және әлеуметтік қызметтерді барынша тиімді пайдалану үшін қажетті дағдылар мен өзекті білім алуды талап етеді», - деді клиницист, Ана мен бал бөлімше меңгерушісі Дүйсенбиева Фарида.
«Біздің басты міндетіміз - балаларды қоғамдағы болашақ өмірге дайындау. Жасөспірімдер лагеріне қатысқаннан кейін олар кемсітушілікке қарсы тұра алады, ең бастысы, олар өздері стигма мен өзін-өзі стигмалаудан арылды. Біздің жасөспірімдер үшін басты дағды – өздерінің ауруын басқару және осыған байланысты, әрине, қолдау топтары өте тиімді құрал болып табылады. Лагерьде болу кезінде біз бұған көз жеткіздік. Өзара көмек топтарында көшбасшылар мен қоғамдастықтың өзін қалыптастыру және тәрбиелеу жүріп жатыр. Бәлкім, бұл бүгінгі таңда лагерьдің басты міндеті шығар», - дейді ICAP клиникалық маманы, ЮНИСЕФ сарапшысы Ахметова Гүлжахан.
«Әрбір жасөспірім жоғары өмір сапасына құқылы. Жеткіншек жас - болашаққа арналған мақсаттар мен міндеттерді анықтаудың ең жақсы уақыты. Ағзада вирустың болуы толыққанды өмір сүруге және ең батыл және ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға кедергі болмауы тиіс», - деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы АИТВ/ЖИТС жөніндегі Ұлттық консультанты Нодар Кәрімов.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.