0 мен 6 ай арасындағы сәбидің дамуы
Алғашқы 6 айда бала қалай дамиды? Осы мақаладан толығырақ біліңіз.

- Қол жетімді:
- русский
- Қазақша
Баланың өмірі бірінші рефлекторлық айқайдан басталады. Өмірдің алғашқы күндері мен апталарында бала жағымсыз (ауырсыну, ұйқыны қажет ету, ашығу) түйсінулерге деген наразылығын айқаймен, жылаумен, қимыл-қозғалыстың үдей түсуімен білдіруі мүмкін. Бірте-бірте, әр жаңа күн сайын баланың жылауы себептеріне байланысты әр түрлі бола бастайды, ал баланың анасы осы себептерді байқап тануға үйренеді. "Дифференциалды айқай-жылау" деп аталатын кезең басталады. Бұл кезең баланың эмоционалдық дамуы үшін де, "ана-бала" қатынасында тұрақты және барабар байланыс қалыптастыру үшін де өте маңызды болып саналады.
Кейінірек жылау - баланың физикалық қана емес, сондай-ақ ішкі сезімін да білдіре бастайды. Күлімсіреу сияқты оң эмоциялар балада айқайдан кешірек пайда болады. Көптеген авторлардың пайымдауынша, балаларда күлімсіреу 4-6 апта жасында пайда болады. Біздің байқауымызша, баланың күлімсіреуі әдетте алғашқы аптада, кейде өмірдің алғашқы күндерінде пайда болады. Бірақ бұл жаста күлімсіреу - баланың, оны қоршаған ересектермен қарым-қатынас элементі емес, тек толық физикалық жайлылық күйін ғана көрсетеді.
Алғашқы "әлеуметтік күлімсіреу" (яғни қарым-қатынасқа бағытталған күлімсіреу) бала өмірінің 1-1, 5 айларына қарай пайда болады. 4-6 апталық жасқа қарай бала ана дауысының мейірімді интонациясына, ана бет-әлпетінің жақындауына күлімсіреп, әудеседі.
2,5-3 айға қарай бөбек дауысты және көмейден шығатын дыбыстарды әндетіп қайталай отырып, уілдей бастайды.
3 айда кішкентай бала басқа адамдармен қарым-қатынас жасау үшін өз дауысын пайдаланады: ол дыбыс береді, содан кейін ересек адамға қарап, жауап реакциясын күтеді; ересек адам оған жауап бергенде, ол жауап соңын күтіп, содан кейін ғана қайта былдырлай бастайды. Әдетте дамушы бала дыбыстарды немесе басқа жауап реакциясын күтіп, "жансыз" заттармен "сөйлесуге " тырыспайды.
3 айда бала үшін маңызды ересек адамға ерекше эмоциялық-қимыл реакциясы – "жандану кешені" пайда болады. "Жандану кешені" - ересек адамның бет-әлпетіне қадалған назар аудару, күлімсіреу, қозғалыс белсенділігінің үдеуі (бала қолдарымен және аяқтарымен жанданып қозғала бастайды), және бала уілдеу дыбыстарын жиі шығара бастайды.