0-ден 6 айға дейінгі баланың қимылдық дамуы

0-ден 6 айға дейінгі баланың қимылдық даму ерекшелігі, сондай-ақ ата-аналарға арналған пайдалы кеңестер

UNICEF Kazakhstan
baby
UNICEF
13 Қазан 2020

Өмірінің алғашқы айында нәрестенің қимыл белсенділігі аз, көп уақытта  қалай жатқызды, сол күйде жата береді, одан қол мен аяғы буынының бұлшықеттік тонусының физиологиялық артқаны байқалады, үлкен адам қолына алғанда, ол басын ұстай алмайды.

1-2 айлық кезде сәбидің қолы мен аяғының қимылы ретсіз сипатта болады. Тек 1-1,5 айда ғана нәресте басын ұстай бастайды. 2-3 айында бала басын орташа сызық бойымен ұстауға қабілетті, арқасында жатып, қолдарын денесінің  орта бойына дейін жинап, аузына әкеле алады, алақанына ойыншық салған кезде қолын қысады. Бұл жасында сәби ойыншық тигізсе, жұдырығын ашады, оған салынған ойыншықты шамалы уақыт бойы ұстап жата алады, қолдарына ұзақ қарайды, өз бетінше арқасынан бір қырына бұрыла алады, етпетінен жатып, тепе-теңдікті жақсы сақтай алады (арқасына және қарнына құлап кетпейді).

3 айында бала көрген затына ұмтылады, ойыншықты алады және қармауға қолайлы бір қолымен біраз уақыт ұстап тұрады, қолында тұрған затты тартады, аузына салады. 3 айында сәби етпетінен жатып, басын 45-90 градусқа көтереді (кеудесі көтеріңкі, иығы деңгейінде немесе иығы алдында  білегіне, шынтағына таянады).

4-6 айлар аралығында баланың алғашқы бағытталған қимылдары, арқадан етпетіне бұрылу секілді денесін кеңістікте қозғалту пайда бола бастайды.

Сонымен қатар, бала басының, денесінің және аяқ-қолының қалпын одан да жақсырақ бақылайды, ол өз кезегінде ұстаған қалпын ұзағырақ уақыт ұстап тұруға, сондай-ақ заттармен немесе ойыншықтармен күрделі қимылдар жасауға   мүмкіндік береді. Әдетте, бала басында арқасынан етпетіне бұрылуды үйренеді, бұл 4-6 айлар шағында орындалады. Кейбір балалар 6 айында етпетінен  арқасына қайта бұрыла алады, бірақ балалардың көпшілігі оны 7 айынан ғана жасай бастайды.                

3 айдан кейін сәби білегін «ашады», көрген затына ұмтылады, оны бір қолмен де, екі қолмен де қармап алады, аузына апарады. Саусағымен жүргізіп, ойыншықты зерттейді, бір қолынан екінші қолына ауыстырады.  5-6  айында бала затты бас бармағын қалғандарына қарсы қою арқылы қармап алады.                 

4,5-6 айда бала етпетінен жатып, созылған қолына таяна алады (білектері ашылған, кеудесі көтеріңкі, иегі түсіңкі); бір қолының білегіне таяна отырып, келесі қолымен басқа затқа созыла алады. Кейбір балалар 5,5-6 айда етпетінен жатып, шеңбер бойымен айнала алады, ал кейбіреулері қарнымен шағын жерге еңбектей алады. Ол аяғын қарнына тартып, аяғын көтеріп, тізесін қолымен ұстай алады (4-5,5 айында), ал ересек адам қолынан созса, отыруға тырысады. Көптеген балалар отырғызып қойса, бірнеше секунд бойы отырған қалыпты сақтай алады.

Ата-аналар мен медицина қызметкерлеріне баланың есту реакциясына ерекше мән берген жөн, егер де есту қабілетінің қандай да бір паталогиясына бір ғана қауіп факторы болса да немесе баланың келесі реакциялары болмаса, мән беру керек:

  1. Бала өмірінің алғашқы 2-4 аптасында қатты дыбыстардан селк етпейді;
  2. Сәби 2-4 апталық шағында дауысты естіп, қатып қалмайды;
  3. Бала 3-4 айында дыбыс шыққан жаққа басын бұрмайды;
  4. 3-4  айында анасының дауысына баланың жандануы байқалмайды;
  5. 2-4 айда балада гу-гулеу пайда болмайды.

Ата-аналарға қауіптену сигналы – баланың 6 айда келесі қимылдау машықтарының болмауы:

  1. Арқасынан етпетіне айналмайды;
  2. Етпетінен жатып аз уақыт болса да, созылған қолының білегіне таяна алмайды;
  3. Етпетінен жатып бала ойыншықтарды қозғалта алмайды (дененің салмағын бір қолға ауыстыра алмайды);
  4. Етпетінен жатуы өзгеше болады (сәби басын нашар көтереді және ұстайды, қолы кеудесінің астында немесе керісінше, жан-жаққа кең жайылып жатады, ал шынтағы мен білегі сыртқа айналған күйде болады, яғни алақандары  жоғары бұрылған);
  5. Көп уақыт бойын білегін жұдырыққа;
  6. Ұстауға ыңғайлы ойыншықты бір немесе екі қолымен ұстап тұра алмайды, қолын немесе ойыншықты аузына апара алмайды;
  7. Саны мен сирағын арқасында жатқан қалыпта көтере алмайды;
  8. Екі қолынан тартқан кезде отыруға тырыспайды.