Кішкентай баланың қауіпсіздігі

3,5 жасқа дейінгі кішкентай баланың қауіпсіздігін қалай ұйымдастыруға болады?

UNICEF Kazakhstan
Ребенок
UNICEF/2016/Andrey Kim
13 Қазан 2020

7-8 айдан 3-3,5 жасқа дейінгі кезеңде бала қоршаған ортамен белсенді танысады, ол айналасындағы барлық заттарды біліп тануға тырысады және жай ғана қарап қоймай, міндетті түрде оларды ұстап тіпті татып көргісі келеді. Балаға бұл жаста бәрі қызық. Ең алдымен ол өзі көріп тұрған нәрселердің бәрін қарап шығып және қолы жеткен барлық заттарды қолына алады. Біртіндеп еңбектеу және жүру дағдыларын меңгеруіне орай, бала үстелдерде, шыны есіктердің ар жағындағы сөрелерде, жабық жәшіктерде, аузы байланған пакеттерде, қақпағы бар банкаларда, кішкентай тесіктер мен саңылауларда және т. с.с. қолы жетпеген заттарға назарын аудара бастайды.

Кішкентай бала үшін зерттеушілік түйсігі оның болашақ тәжірибесінде орынды және өте маңызды болып табылады, алайда түрлі заттар мен нәрселерге толы қоршаған кеңістік бала үшін сан алуан қауіптерге толы болуы мүмкін. Бала тұратын кеңістікті қауіпсіз етіп ұйымдастыру және қауіпті заттармен, нәрселермен және заттектермен қарым-қатынасты болдырмауға тырысу ересектердің міндеті.

Балаға қандай қауіп төнуі мүмкін?

  • Ұсақ заттар (түймелер, дәрілер мен кішкене шарлар, қайшылар, пышақтар, шанышқылар, тоқыма біздер, инелер, түйреуіштер, шегелер, шаш түйреуіштер, ұшталған қарындаштар, қаламдар) баланың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс.
  • Еденге жақын шкафтардың есіктері кілтпен жабылуы немесе бала оларды аша алмайтындай етіп байлануы керек.
  • Өткір бұрыштар қалың жұмсақ маталармен, кілемшелермен немесе жастықтармен жабылуы керек. Тамақтандыру кезінде сынғыш шыны заттар пайдаланылмауы тиіс.
  • Электр құралдары мен резеткелер кішкентай балаларды аса қызықтырады. Тіпті электрезеткелер биікте орналасқан дегеннің өзінде, оларға міндетті түрде "бітеуіштер" қою немесе оларды лейкопластырмен желімдеу керек.

Ата-аналарға берер кеңесіміз, еңбектей отырып бүкіл пәтеріңізді "жат планеталық тұрғысынан", яғни заттардың тағайындалуы белгісіз тіршілік иесі ретінде мұқият қарап шығыңыз (бұл қауіпсіздіктің бірінші деңгейі болады). Осы кішігірім, алайда маңызды зерттеу барысында өзіңіз үшін таныс және айқын заттар сіздің балаңызға белгісіз және түсініксіз екенін естен шығармаңыз. Егер белгілі бір жерде балаға қауіп төнудің болмашы мүмкіндігі бар болса, оны қауіпсіздендіруге тырысыңыз.

Жылыту құралдарына, ашық от бар жерлерге, тамақ дайындалатын жерлерге, сондай-ақ сіріңке, тұтандырғыш, тез тұтанатын сұйықтықтар, шырақтар сияқты заттарға ерекше назар аудару қажет.

Үстелдің шетіне ешқашан ыстық сұйықтығы бар кастрюльдер немесе шәйнектер қоймаңыз және дастархандарды уақытша болсын алып тастаған жөн, себебі бала оның шеттерінен тартып үстелде тұрған заттарды өзіне аударып алуы мүмкін. Еске салатын жайт, күйіп қалу - балалар өлімінің жиі себептерінің бірі болып табылады.

*Бұл материал "0-3 жас аралығындағы балаларға жақсы ата-ана болуға үйренеміз" атты оқу құралының негізінде дайындалған.

Толығырақ: Кішкентай баланың қауіпсіздігі