Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн: қазақстандық бүлдіршіндерді сексуалды эксплуатацияға жетелеуі мүмкін онлайн-қатерлерден қалай қорғауға болады

25 Қараша 2025
OCSEA
UNICEF/Kazakhstan/2025/ArmanMustafin

Астана, 2025 жылғы 25 қараша - Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» халықаралық кампаниясы аясында сандық дәуірдің ең қауіпті әрі жасырын қатері саналатын балаларды онлайн сексуалды эксплуатациялау мен оларға зорлық-зомбылық көрсету мәселесіне көпшілік назарын аударып отыр (ОСЭНД). Технологиялардың күн санап дамуының салдарынан көп ретте балалар өздері танып-білмейтін қатерлермен жалғыз күресуге мәжбүр болады.

ЮНИСЕФ қорының «Kazakhstan Kids Online» (2023) зерттеуіне сүйенсек, қазақстандық бүлдіршіндердің айтарлықтай бөлігі келесі қатерлерге тап келеді:

  • Балалардың 10% өздері ешқашан көрмеген адамдарды достары немесе таныстары ретінде тізімге қосқан
  • Жеткіншектердің 11%  жеке танымайтын адамдарға суреттерін немесе бейнетаспаларын жіберген
  • 9-10 жастағы балалардың 60% және 11-12 жастағы балалардың 66% платформалардың шектеулеріне қарамастан әлеуметтік желілер мен ойын алаңдарында өз аккаунттарын тіркеген.

Осы секілді мәселелерді еңсеру мақсатында Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Safe Online  Жаһандық қорының қолдауымен «Қазақстанда балаларды онлайн зорлық-зомбылықтан, қатігез қарым-қатынастан және эксплуатациядан қорғау» атты екі жылдық бағдарламаны бастады. 

Бағдарламада онлайн-груминг (ересек адамның баланы азғыру мақсатымен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынас орнатуы), интимдік суреттерді алу немесе ұрлау, сексуалдандырылған зорлық-зомбылық материалдарын жасау және тарату, сондай-ақ баланың жыныстық қол сұғылмаушылығын желіде бұзудың өзге де көріністері секілді аса қауіпті және жарақаттаушы кибер-қауіптерге қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылады.

«Біз аталмыш кампанияны 25 қарашада, яғни зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күнінің алғашқы тәулігінде тегіннен-тегін бастап отырған жоқпыз. Балаларға қарсы зорлық түрлі формаларда, тіпті сандық ортада да орын алып жатуы мүмкін. Онлайн зорлық-зомбылықтың көп көріністерін ересектер байқамай да қалады, бірақ оның салдары балаға аса ауыр әсер беруі мүмкі. Біз ата-аналарды, мұғалімдерді, журналистер мен мемлекеттік серіктестерімізді бірлесе отырып, сандық ортаны әр бала үшін қауіпсіз етуге өз үлестерін қосуға шақырамыз. Осы мәселе туралы жан-жақты түсінігі бар әрбір ересек – бұл балаларды қорғауға жасалған сенімді қадам», — деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ қорының өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар. 

Бүгінде балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне негізгі қатысушылар, яғни мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен мамандар жұмылдырылып отыр. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы істегі маңызды бөлімдердің бірі.

«Цифрлық орта балаларға жаңа мүмкіндіктер ашады, бірақ сонымен бірге олар жалғыз кезікпеуі тиіс тәуекелдерді де күшейтеді. Біздің басты басымдығымыз — әрбір баланың қауіпсіздігін әрі нақты өмірде, әрі онлайн кеңістікте қамтамасыз ету. Біз цифрлық қауіптерге үн қату жүйесін бірізді түрде күшейтіп, құқық қорғау органдары және сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеміз, сондай-ақ ата-аналарға, педагогтарға және балалардың өздеріне арналған ағартушылық бағдарламаларды енгізіп жатырмыз», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Онлайн қылмыстарға қарсы күрестің басты қиындықтарының бірі — олардың жасырын сипаты. Мұндай жағдайларды анықтау және құжаттау қиын, өйткені олар көзге көрінбейтін түрде жүзеге асады және жиі эмоционалды жарақатпен бірге жүреді, сондықтан балаларға олар туралы айту қиын болады.

«Интернеттегі балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар ауыр құқықбұзушылықтардың кең ауқымын қамтиды. Мұндай әрбір жағдай балаға елеулі зиян келтіреді және барынша қатаң әрекет етуді талап етеді. Олардың жасырын сипатына қарамастан, біз мұндай фактілерді анықтау, құжаттау және жолын кесу бойынша жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Өз кезегінде мемлекет цифрлық ортада кәмелетке толмағандарды қорғаудың заңнамалық және техникалық шараларын жүйелі түрде күшейтіп жатыр. Біз мұндай жағдайларды анықтау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасай береміз», — деп атап өтті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Сүйінбай Жандос Талғатович.

Аталмыш мезетте ЮНИСЕФ Қазақстандағы серіктестерімен бірлесіп, мектеп оқушылары мен ата-аналарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға арналған оқу-әдістемелік материалдарды тарату жұмысын жүргізіп отыр. Бұл – ОCЭНД-нің алдын алуды күшейтуге және балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған шара.

Аталған материалдар ЮНИСЕФ Қазақстанның сайтында ашық қолжетімді түрде орналастырылған. Олар онлайн-қауіптер туралы хабардарлықты арттыру мақсатында жүктеліп, басып шығарылып және таратылуы мүмкін.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.