NINETY ONE
ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері - Қазақстандағы ең танымал «NINETY ONE» музыкалық тобының қатысушылары

«NINETY ONE» - 2014 жылы құрылған қазақстандық музыкалық топ төрт қатысушыдан тұрады: Әлем (Батырхан Маликов), Эйс (Азамат Ашмақын), Зак (Дулат Мұхаметқалиев) және Бала (Данияр Құлымшин). Дебюттік әндері шыққалы бері олар Қазақстандағы ең танымал музыкалық топтардың біріне айналды және қазіргі таңда адал жанкүйерлері көп. Олар талантты вокалистер, орындаушылар мен бишілер ғана емес, сондай-ақ барлық әндерінің сөздері мен музыкасының авторлары. Оған қоса балалардың құқығын қорғаушылар болып табылады. 2023 жылғы мамырда топтың әр қатысушысы Қазақстандағы ЮНИСЕФ ізгі ниет елшілерінің бірі ретінде жеке тағайындалған болатын.
Топтың әндерінде маңызды мәселелер қозғалады және позитивтік құндылықтар насихатталады. Мәселен, «Bari biled» және «Why'm» әндерінде сөз бостандығы, қоршаған ортаның ластануы және зорлық-зомбылық сияқты тақырыптар көтеріледі.

Музыка адамдарды біріктіреді және біздің музыкамыздың көмегімен біз адамдардың жүрегі мен санасына жетіп, Қазақстандағы балалардың алдында тұрған аса маңызды мәселелер туралы хабардарлықты арттыра аламыз деп үміттенеміз - Ace

Өз жанкүйерлеріміздің арқасында біз жасөспірімдер мен жастардың қажеттіліктері мен ұмтылыстарын түсінеміз. Әндеріміздің көмегімен біз оларды игі істерге шабыттандыруға тырысамыз. Біз олардың жаңа нәрселерден қорықпағанын және өздеріне сенгенін қалаймыз. Енді біз ЮНИСЕФ-пен күш-жігерімізді біріктіреміз, осылайша әр баланың өз арманын жүзеге асыруға мүмкіндігі болады - Alem
ЮНИСЕФ-тің ізгі ниетті елшілері ретінде «NINETY ONE» қатысушылары ЮНИСЕФ-тің балаларға медициналық, білім беру және қорғау қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатын қолдап, психикалық денсаулық пен Интернеттегі қауіпсіздік жайында хабардар болу мәселесіне ерекше назар аударады.

ЮНИСЕФ-тің бір бөлігі болу да үлкен жауапкершілік. Біз ЮНИСЕФ - тің үмітін ақтап, балалар мен жастарды тыңдауға және олардың өміріне әсер ететін шешімдерге қатысуға мүмкіндік береміз деп үміттенеміз», - деді «NINETY ONE» тобының мүшесі ZAQ

Біз буллингті жеңудің қаншалықты қиын екенін білеміз. Енді бізде ЮНИСЕФ бағдарламаларын қолдауға және балаларға осы қиындықтарды жеңуге көмектесуге мүмкіндігіміз бар - деді Bala
«NINETY ONE» тобының балалардың өмірін жақсартуға деген ұмтылысы шабыт береді. Өздерінің музыкасы арқылы олар қазақстандық балалар мен олардың отбасыларының өмірін жақсы жаққа өзгертеді. ЮНИСЕФ осы музыкалық топтың мүшелері Ізгі ниет елшілері болып табылатынын мақтан тұтады және елдің барлық балалары үшін жарқын болашақ құруға бағытталған бірлескен жұмыстың жалғасатынына үміттенеді.