Орталық Азияда 60 мыңға жуық бала интернаттарда тәрбиеленіп жатыр

Жаңа аналитикалық анықтамада 2030 жылға қарай барлық ірі интернат үлгісіндегі мекемелерді жабуға көшу үшін мемлекеттік саясат саласына қатысты жеті ұсыным берілген

14 Тамыз 2024
a boy holding hands with a woman
UNICEFKazakhstan/2023/GalinaSorokina

ЖЕНЕВА, 7 тамыз 2024 жыл – ЮНИСЕФ бүгін жариялаған жаңа аналитикалық анықтамаға сәйкес Орталық Азияның бес елінде 0-17 жас аралығындағы 60 000-ға жуық бала интернат үлгісіндегі мекемелерде тұрады екен.

Отбасы мүшелерін бір-бірінен ажыратудың және балаларды арнайы мекемелерге орналастырудың баршаға мәлім әрі кесірлі салдарына қарамастан, бүкіл Орталық Азиядағы мекемелерде әрбір 100 000 балаға шаққанда орта есеппен 203 бала тұрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (100 000-ға шаққанда 105 бала) екі есе дерлік жоғары.

Аналитикалық анықтамада Қазақстанды қоспағанда, 2015-2021 жылдар аралығында интернат үлгісіндегі мекемелердегі мүгедектігі бар балалардың үлесі артқаны айтылады, яғни тамырын тереңге жайған әлеуметтік нормаларды және қоғамдастық деңгейінде мүгедектігі бар балаларға арналған қызметтердің шектеулі екенін көрсетеді.

«Интернат үлгісіндегі мекемелердегі балалар саны елдегі балаларды қорғау жүйесінің күштілігін көрсете алады, бұл ретте көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жүйенің отбасыларды сақтау қабілеті де соғұрлым әлсіз деген сөз», - деді Реджина Де Доминичис, Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша Аймақтық ЮНИСЕФ директоры.

«Арнайы мекемеге орналастырудың балаларға әсері ауыр екенін және өмір бойы жалғасуы мүмкін екенін бәріміз білеміз, сондықтан отбасын қолдау қызметтеріне инвестицияны арттыруға шақырамыз. Бірде-бір бала ешқашан кедейлік, мүгедектік немесе ауыр мінез-құлық салдарынан немесе отбасының балаға күтім жасауға қажетті қызметтерге қолжетімсіздігі салдарынан баламалы күтім көрсету мекемелеріне орналастырылмауы тиіс».

Мұндай мекемелердегі балалар миының сау дамуы үшін шешуші маңызы бар әлеуметтік, эмоциялық және интеллектуалдық ынталандырудан жұрдай болады. Жалпы қоғамнан оқшау қалған мекемелердегі балалар зорлық-зомбылыққа, немқұрайлылыққа және қатыгездікке ұрымтал келеді.

ЮНИСЕФ ірі мекемелерді жабуға және мекемелерге орналастыруға балама ретінде отбасы аясында күтім көрсетуге көшуге көмектесетін мемлекеттік саясат саласына қатысты жеті ұсынымберді:

  1. Мүмкіндігінше балаларды өз отбасында қалдыру үшін балаларға күтім көрсету саласында тиімді реформаларды жүзеге асыру керек, соның ішінде ірі нысандарды жабуды жоспарлау және балалар мен отбасыларды қолдау және қорғау бойынша үздіксіз кешенді қызметтерді дамыту керек.
  2. Балаларды және отбасыларды қолдау қызметтеріне, соның ішінде заңмен қарастырылған отбасын қолдау қызметтеріне, балалардың отбасынан ажырап қалу қаупі бар жағдайларды ерте анықтау және араласу үшін әлеуметтік қызметтердің мықты кадрларына инвестиция салу керек.
  3. Отбасы деңгейінде балама күтімді қамтамасыз ету керек, соның ішінде балаларға қамқорлық жасайтын үлкен отбасы мүшелеріне қарқынды қолдау көрсету қажет және мүмкіндігінше бауырларды бірге қалдыру стратегияларын қабылдау қажет.
  4. Сенімді қорғау саясаты мен тәжірибелері арқылы баламалы күтімдегі балаларды зорлық-зомбылықтан, немқұрайлылықтан, қатыгездіктен қорғау керек.
  5. Отбасынан ажырап қалу қаупі бар балалар, баламалы күтімдегі балалар,қамқорлық және қорғаншылық жүйесінен шығып кеткен балалар туралы көбірек және сапасы жоғарырақ деректерге инвестиция салу керек.
  6. Отбасын сақтаудың артықшылықтары және отбасында күтім көрсетуге басымдық беру аса қажет екені туралы халықтың хабардарлығын арттыру керек.
  7. Балалардың өздеріне әсер ететін шешімдерде өз пікірін білдіру құқығын пайдалануын және олардың қажеттіліктері мен құқықтарын қанағаттандыру үшін жаңа саясаттар мен тәжірибелер әзірленген кезде олармен кеңесуді қамтамасыз ету керек.

ЮНИСЕФ Орталық Азиядағы үкіметтермен және серіктестермен отбасыларды сақтап қалу үшін, отбасы мен қоғамдастық деңгейінде бала күтіміне қолдау көрсету үшін бірлесіп жұмыс істейді. Бұған деинституционализация саясаттары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, балалардың отбасынан ажырап қалуына жол бермеу үшін отбасын қорғау және қолдау қызметтерін кеңейту, отбасы және қоғамдастық негізінде күтім көрсетуге, отбасыларды қауыштыруға және қайта интеграциялауға, тәуелсіз өмірге қауіпсіз көшуге септесу кіреді.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.