Дұрыс тамақтанбау бүкіл әлемдегі балалардың денсаулықтарына зиян келтіреді деп ескертеді ЮНИСЕФ

Әлемде бес жасқа дейінгі әрбір үшінші бала жеткілікті мөлшерде тамақтанбайды. Қазақстанда артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың саны өсуде.

15 Қазан 2019
школьное питание
UNICEF/Kaliyev

НЬЮ-ЙОРК/НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 15 қазан – ЮНИСЕФ бүгін өзінің балалар, азық-түлік пен тамақтану жөніндегі жаңа баяндамасында нашар тамақтану мен балалар үшін жарамсыз азық-түлік жүйесінің салдарынан алаңдатарлықтай көп бала зардап шегуде деп ескертіп өтті.

 «Әлемдегі балалардың жағдайы  2019: балалар, азық-түлік және тамақтану» баяндамасында бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың  немесе 200 миллион бала не тойып тамақ ішпейді, не артық салмағы бар. Алты айдан екі жасқа дейінгі шамамен әр үш баланың екеуіне олардың тез өсетін ағзасын қолдай алатындай тамақ берілмейді делінген. Бұл мидың баяу дамуына, оқу қабілетінің төмен болуына, нашар иммунитетке, инфекцияға жоғары шалдыққыштыққа және көп жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.

Қазақстандағы балалардың тамақтану жағдайы да алаңдатуда:

• Семіздік диагнозы бар балалар саны өсуде - Қазақстандағы 9 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде; ең жоғары көрсеткіш қала тұрғындары мен емізілмеген балалар арасында байқалады;

• 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуі артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан;

• Қазақстандағы 2 жасқа дейінгі балалардың 21% -ы жемістер мен көкөністерді алмайды;

• 6 айға толмаған сәбилердің жартысынан азы ғана тек емшек сүтімен емізілуде - тек 38%;

• Қосымша тамақ қосылғаннан кейін 6 айлық балалардың жартысынан азы ғана емшек сүтін қабылдауды жалғастырады - балалардың 41% бұл көрсеткіш ең көп кірісі бар отбасыларда біршама жоғары);

• Қазақстандық отбасылардың 49%-ындағы балалар (6-23 айлық балалар) жеткілікті дәрежеде әртүрлі тағамдарды жейді;

• Мектеп жасындағы балалар қант қосылған алкогольсіз сусындарды үнемі пайдаланады, балалардың жартысына жуығы - апта сайын ішеді; балалар қанты бар сусындардың агрессивті сатылымына ұшырайды; ДДСҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы әрбір үшінші теледидардағы жарналалық ролик тамақ өнімдері мен сусындар жайлы, оның 20% ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді;

• Балалардың көпшілігі (72,5%) күніне кемінде бір сағат теледидарды қарайды немесе зиянды тағамдарды көрсететін электронды құрылғыларды пайдаланады.

 «Балалардың тамақтану мәселесі Қазақстанда ушығып барады, бұл өз кезегінде біздің балаларымыздың денсаулығы, үлгерімі мен хал-жағдайына зардабын тигізеді», - деді ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев. «Егер балалардың семіруі мен нәрлі, пайдалы тамақтарға жетіспеушілігінің өсу үрдісі жалғасса, онда 2050 жылы туылған балалар бүгінгі күнде туылған балаларға қарағанда аз өмір сүреді және семіздік халық өлімінің негізгі екі себептерінің бірі болады деп болжауға болады. Балалардың дұрыс тамақтанбауы қоғамның әлеуетін шектейді. Сондықтан, ерте жастағы балалардың тамақтануын жақсарту денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру қызметінің басты мақсаты болып табылады және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі болып табылады».

«Соңғы онжылдықтың технологиялық, мәдени және әлеуметтік жетістіктеріне қарамастан, біз осы аса маңызды фактіні назарымыздан тыс қалдырып алдық: егер балалар нашар тамақтанса, олар нашар өмір сүреді», - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизен -  Нашар тамақтану проблемасы жайлы және оны қалай шешу керектігі туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. Бұл балаларды жеткілікті мөлшерде тамақпен қамтамасыз ету жайында ғана емес, ең бастысы балаларды дұрыс тамақтанумен қамтамасыз ету керек. Бұл біздің бүгінгі ортақ міндетіміз».

Баяндамада 21 ғасыр балаларының дұрыс тамақтанбауына оның барлық түрлері бойынша анағұрлым толық баға берілген. Онда дұрыс тамақтанбаудың үш түрі сипатталады: тоймау, қажетті қоректік заттардың жоқтығынан туындаған жасырын аштық және бес жасқа дейінгі балалар арасындағы артық салмақ. Бүкіл әлемде:

  • 149 миллион бала өсуінің қалыс қалғандығы немесе өз жасы үшін өте кішкентай екендігі;
  • 50 миллион бала жүдеу немесе өз жасы үшін өте арық екендігі,
  • 340 миллион бала немесе 2 баланың 1-уі А дәрумені мен темір сияқты негізгі дәрумендер мен қоректік заттардың тапшылығынан зардап шегетіндігі,
  • 40 миллион баланың артық салмағы бар немесе семіздіктен зардап шегетіндіктері жайлы аталып өтілген.  

Баяндамада тамақтандыру мен емізудің нашар тәжірибесі сәби өмірінің ең ерте кезеңінен басталатындығы ескертіледі. Баланы емізу оның өмірің сақтап қала алғанымен, алты айға дейінгі балалардың тек 42% ғана тек емшек емізу арқылы қоректенуде, ал сүт қоспасы берілетін балалардың саны барған сайын көбеюде. Сүт қоспасын сату 2008-2013 жылдары кірісі орташадан жоғары Бразилия, Қытай және Түркия сияқты елдерде, негізінен тиісті емес маркетинг пен емізуді қорғау, ынталандыру және қолдаудың осал стратегиялары мен бағдарламалары себепті, 72% өсті.

Балалар алты айға жақындағанда жұмсақ және қатты азық-түлікке көше бастаған сайын, өте көп бала дұрыс тамақтанбайды делінген баяндамада. Бүкіл әлемде алты айдан екі жасқа дейінгі балалардың 45%-на ешқандай жеміс пен көкөніс тағамдары берілмейді. 60% жуығы жұмыртқа, сүт тағамдарын, балық пен етті жемейді.

Балалар есейген сайын, оларға ықпал ететін зиянды тамақтанудың әсері алаңдатады, ол негізінен жөнсіз маркетинг пен жарнамалардың болуынан, қалалардағы, сонымен қатар қашық аудандардағы шектен тыс өңделген өнімдердің молдығынан, сонымен қатар фастфуд пен өте тәттіленген сусындарға қолжетімділіктің кеңеюінен болып отыр.

Мысалы, баяндамада кіріс деңгейі төмен және орташа елдерде мектеп жасындағы балалардың 42% газдалған тәтті алкагольсіз сусындарды күніне бір реттен кем емес мәрте тұтынатындығы және 46% аптасына бір реттен кем емес мәрте фастфуд жейтіндігі көрсетілген. Кірісі жоғары елдерде бұл көрсеткіштер жасөспірімдер үшін тиісінше 62 және 49%-ға жетеді.

Нәтижесінде дүние жүзінде бала жастағы және жасөспірімдер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің деңгейі өсуде. 2000-2016 жылдар аралығында артық салмағы бар 5-19 жас аралығындағы балалардың саны 10 баланың 1-уі көрсеткішінен 5 баланың 1-уіне дейін екі еселенген. Бүгінде бұл жас тобында 1975 жылмен салыстырғанда қыз балалар семіздіктен он есе көп, ер балалар 12 есе көп зардап шегеді.

Баяндамада дұрыс тамақтанбаудың барлық түрлеріне өте кедей және анағұрлым маргиналдырылған мекендердегі балалар анағұрлым ұшырағыш екендігі аталып өткен. Өте кедей отбасыларындағы 5 баланың тек 1-уі ғана дені сау болып өсу үшін жеткілікті болып табылатын алуан түрлі тағам жейді. Тіпті кіріс деңгейі жоғары Ұлыбритания сияқты елдердің өзінде артық салмақ бай-қуатты аудандарға қарағанда ең кедей аудандарда кең тараған.  

Сонымен қатар баяндамада климатпен байланысты апаттар елеулі түрдегі азық-түлік дағдарыстарын туындататындығы аталып көрсетіледі. Ауыл шаруашылығындағы залал мен шығындардың 80 пайызы, мысалға, құрғақшылықтан туындаған, бұл балалар мен отбасыларға қолжетімді азық-түліктің түрлерін, сонымен қатар осы азық-түліктің бағасын күрт өзгертеді.

Осы артып келе жатқан дұрыс тамақтанбау дағдарысын оның барлық түрлеріне қатысты шешу үшін  ЮНИСЕФ үкіметтерге, жеке сектеорға, демеушілерге, ата-аналарға, отбасылар мен кәсіпорындарға келесілер арқылы балалардың дендері сау болуына көмектесуді  табандылықпен сұрап өтініш жасайды:

  1. Отбасыларының, балалар мен жастардың толыққанды тамақтануды талап ету құқықтары мен мүмкіндіктерін, соның ішінде тамақтану саласындағы білімді жақсарту және зиянды тағамдарға сұранысты қысқарту үшін қантқа салық салу сияқты тексерілген  заңнаманы пайдалану жолымен кеңейту.
  2. Денсаулық үшін пайдалы, балалар үшін лайықты және қолжетімді азық-түлік өнімдерінің ұсынылуын ынталандыра отырып,  азық-түлік өнемдерін жеткізушілердің балалар үшін дұрыс таңдау жасауына қозғау салу.
  3. Дәл және түсінуге жеңіл таңбалау және зиянды азық-түлік маркетингін анағұрлым қатаңырақ  бақылау сияқты тексерілген тәсілдемеледі пайдалана отырып, балалар мен жасөспірімдер үшін денсаулыққа пайдалы тамақтану ортасын құру.
  4.   Көмекші жүйелерді – денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және санитария, білім беру мен әлеуметтік қорғау жүйелерін барлық балалардың тамақтану тиімділігін жоғарылату үшін жұмылдыру.
  5. Іс-қимылға басшылық ету үшін және прогресті қадағалап отыру  үшін жоғары сапалы деректер мен дәлелдерді жинау, талдау және пайдалану.

###### 

Фотосуреттерді, бейнематериалдарды, толық есепті, ақпараттық бюллетеньді, графика мен деректердің жинақтарын мына жерден таба аласыз.

15 қазанда Гринвич бойынша 00.01-ден кейін сіздер біздің сайтымыздан арнайы интерактивті функцияны көріп шыға аласыздар немесе баяндаманы мына жерден жүктей аласыздар.

Анағұрлым толығырақ ақпарат алу үшін Сабрина Сидхумен байланысуды өтінеміз, ЮНИСЕФ Нью-Йорк, +1 917 4761537, ssidhu@unicef.org   

Әсел Садова, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы, тел.: +7 701 640 71 87, asaduova@unicef.org

Медиа байланыс

Зарина Нурмухамбетова
ЮНИСЕФ-тің қоғаммен байланыс бөлімінің үйлестірушісі
Тел: +7 (7172) 32-28-78 (112)
Әсел Садуова
Қоғаммен байланыс маманы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 (7172) 32-28-78 (144)

ЮНИСЕФ ТУРАЛЫ

ЮНИСЕФ  барынша мұқтаж балаларды қамту мақсатында бірқатар елдерде және аумақтарда өте қиын жағдайларда жұмыс істейді. Біз  әр баланың игілігі үшін барша баланың әлемін жақсарту тырысып, өз қызметімізді 190 елде және аумақта іске асырамыз.

ЮНИСЕФ жұмысы бойынша толық ақпарат www.unicef.org.сайтында. 

Біздің Instagram, Facebook және Twitter-дегі парақшаларымызға жазылыңыз.