Балаңызға болашақта табысқа жетуге көмектесудің 5 тәсілі
Баланың былдырынан маңызды ойынға дейін – әр ата-ана үшін қарапайым, тиімді және дәлелді кеңестер.

Бала тәрбиесі әлемдегі ең қиын жұмыстардың бірі болып саналады, бірақ бұл істе сәтті ата-ана болуға арналған ешқандай ресми білім жоқ. Алайда жақсы жаңалық та бар – ата-аналардың балаларының ми белсенділігін ынталандырудың және күнделікті іс-әрекеттерді білім беру мүмкіндіктері ретінде пайдаланудың көптеген жолдары бар.
Brain matters (мидың дамуы шешуші рөл атқарады) деректі фильмінің режиссері Карлота Нельсон балаңызды табысты өмірге дайындауға көмектесетін бес қарапайым, тиімді және дәлелді кеңестермен бөліседі.
1. Баланың былдырына қолдау көрсетіп, оны жігерлендіріңіз және оған шынайы әңгіме сияқты қараңыз
Нәрестелер шығаратын дыбыстар және олардың қимылдары әрқашан маңызды болып көрінбейді, бірақ бұл олардың жалғыз сөйлесу түрі. Ерте жастағы балаларды дамытумен айналысатын мамандар біз балалардың былдырын қолдап, ынталандырып, оны нақты әңгіме ретінде қабылдауымыз керек дейді. Ата-ана баланың дыбыстарына, сигналдарына және әрекеттеріне жауап беріп, онымен күні бойы қарым-қатынас жасауы керек. Баланың екі жасқа толғанға дейін ересек адамнан еститін сөздері, әсіресе олардың саны баланың сол жастағы сөздік қорының көлемін анықтайды және кейіннен оның оқу дағдыларын дамытуға әсер етеді. Баланың былдырына байыпты қараңыз және оны жігерлендіріңіз.
2. Баланың сөйлеуін дамыту үшін оған кітап оқыңыз
Нәрестелер сөйлей немесе оқи алмайды, бірақ олар туылғаннан бастап білім алуға дайын. Үш айлық жаста олар әлем тілдерінде қолданылатын әрбір дыбысты ажырата алады. Балаңызға дауыстап оқыған сайын, сіз оның сөйлеуі мен тілдік дағдыларын дамытасыз. Кітап оқып берген кезде ондағы суреттерді көрсетіп, әңгіме мен оның кейіпкерлері туралы сұрақ қойыңыз. «Олар не киген?» және «Олардың саны қанша?» деген сияқты қарапайым сұрақтар баланың сөйлеуі мен тілдік дағдыларын дамытуға көмектеседі. Кішкентай балаларға кітап оқу оларға жаңа сөздерді үйренуге және оларды есте сақтауға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар кітап оқуға деген сүйіспеншілікті оятады. Есіңізде болсын, көп оқитын адамдар көшбасшы болады, сондықтан неге бұл процесті ертерек бастамасқа?
3. Күнделікті әрекеттердің білім беру жақтарын табыңыз
Кішкентай балалар үшін ересектердің күнделікті әрекеттерінің кез келгені үйрену болып табылады. Шомылу, кірді сұрыптау, тамақ дайындау немесе тапсырмаларды орындау болсын, бұл әрекеттердің барлығы тамаша білім алу мүмкіндіктері болып табылады. Белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде баланың сөйлеу әрекетін белсендіру үшін не істеп жатқаныңызды дауыстап айтыңыз. Кірді санап, сұрыптаңыз, осылайша қосу және азайту дағдыларын үйретіңіз, тағамдық ингредиенттермен ойнаңыз және ғылыми ойлауды дамыту үшін әртүрлі заттардың құрылымы мен консистенциясын дауыстап үйретіңіз. Әртүрлі эмоцияларды көрсететін беттің қимылдары – балалардың эмоцияларды түсіну қабілетін дамытудың тамаша тәсілі.
4. Ойынды байыпты қабылдаңыз
Кішкентай балалар үнемі үйренеді. Ойын арқылы олар өмірлік маңызды дағдыларға ие болады. Рөлдік ойын оларға өздерін басқа біреумен таныстыруға және басқалардың сезімдерін түсінуге мүмкіндік береді. Олар басқа біреумен ойнағанда, олар ымыраға келуді және кезекті сақтай отырып, қандай да бір әрекетті орындауды үйренеді. Ойдан шығарылған еркін ойынға қатысу, мысалы, ойыншық пойыз ғарыш кеңістігінде саяхаттай алады деп елестету, балалардың шығармашылығын дамытады және олардың сөйлеу әрекеттерін белсендіреді. Мұндай ойындар кезінде кішкентай балалар өз идеялары мен ойларын ауызша білдіруді үйренеді. Жаңа қиял әлемдерін елестеткен кезде, олар проблемаларды шешуді және жаңа мүмкіндіктер табуды үйренеді. Қарапайым көңілді болып көрінетін нәрсе шын мәнінде мағыналы әрекет болып табылады. Ойынға байыпты қараңыз, өйткені ойын - бұл маңызды оқу процесі. Баланың қатысуымен кез-келген құрылғыны мүмкіндігінше аз пайдалануға тырысыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, мұндай жағдайда балалар өздерін маңызды емес сезінеді.
5. Үлгі болыңыз
Кішкентай балалар – тамаша пародистер. Олар сізге қарап, сіз жасаған барлық нәрсені қайталайды. Сөйлей бастағанға дейін, олар мимикадан ақпаратты оқып, сөзбен жеткізілмеген қатынастарды анықтауда сарапшы болады және оларды қайталауды үйренеді. Сіздің қимылдарыңызды, басқаларға қалай қарайтыныңызды немесе әртүрлі жағдайлар мен мәселелерге қалай қарайтыныңызды бақылай отырып, кішкентай балалар мұны есте сақтайды және уақыт өте келе сізден қайталай бастайды: оның ішінде қатынас жасауыңызды, әрекеттеріңізді және әсерленуіңізді қайталайды. Сіздің әрекеттеріңіз бен көзқарасыңыз балаңыздың жеке басын қалыптастырады.
Күнделікті өмірде осы бес маңызды кеңесті қолдана отырып, балаңыздың болашақта аман-есен даму мүмкіндігін едәуір арттырасыз. Балаңызға болашақта толыққанды даму үшін жақсы жағдай жасау қаржылық немесе қымбат оқу ресурстарына ешқандай қатысы жоқ. Бұл сізге, сіздің уақытыңызға және сіздің қатысу және өзара әрекеттесу деңгейіңізге байланысты.
Карлота Нельсон – Brain Matters (мидың дамуы шешуші рөл атқарады) – балалардың миының ерте дамуы туралы инновациялық толықметражды деректі фильмнің режиссері болып табылады. Түсірілім басталмас бұрын Карлота әлемдегі жетекші нейробиологтармен және ерте жастағы балаларды дамыту қауымдастығының мүшелерімен бірге сегіз айлық ерте жастағы балалардың дамуы туралы зерттеу жүргізді. Фильм туралы толығырақ ақпаратты www.brainmattersfilm.com веб-сайтқа кіру арқылы біле аласыз.