«Экологиялық саналылықты отбасында қалыптастыру керек
Алина Кочетова Теміртаудың ауасы туралы бәрін біледі және ЮНИСЕФ-тің «Volunteers4Climate» білім беру бағдарламасы аясында қала оқушыларын экологиялық мәдениетке баулып жүр.
Алина Кочетова 16 жаста, ол Теміртау қаласындағы № 16 орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Қазір бойжеткен 5-сынып оқушыларының жетекші жаттықтырушысы болып, оларға іштегі және көшедегі ауаның ластану мәселесі жайлы айтып беріп, өлшем алуды үйретіп, экологиялық мәдениетке баулып жүр. Сондай-ақ ол ЮНИСЕФ-тің «Volunteers4Climate» бағдарламасына қатысып жатқан Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы 50 оқушының бірі. Бірақ осыдан екі жыл бұрын бәрі басқаша еді.
«Алина маған ешқашан ешқайда қатыспаған өте тұйық бала болып келді. Ол біздің тренингтер туралы өзі біліп, сынып жетекшісінен соларға қатысуға рұқсат сұрапты. Бірақ маған келуге батылы жетпепті. Маған ескертіп қойғаны жақсы болды, мен оған өзім барып, кабинетке кіргіздім», - деп еске алады Елена Петровна Варганова, № 16 қалалық мектептің оқу ісі меңгерушісі және экология пәнінің мұғалімі.
Теміртау үшін ауа сапасының мәселесі ерекше өзекті. Алина өзі тұратын ауданда жиі жағымсыз иіс шығып, тыныс алу қиынға соғатынын еске алады.
«Содан бері мен осы тақырыпты зерттей бастадым ‒ ауаның сапасы немен байланысты, оны жақсарту үшін не істеу керек, ауа сапасы денсаулығымызға қалай әсер етеді. Бір күні Елена Петровна сабаққа кіріп, өзінің қызметі, «Отражание» қоғамдық қорында немен айналысатыны туралы айтып берді. Мен қатты қызықтым. Келесі сабақта мен Елена Петровнаға барып, өзімді жаңа істе сынап көрдім», - дейді Алина.
Алғашқыда бойжеткен қарым-қатынаста қиындықтарға тап болған, оған балалармен тіл табысу, экологиялық саналылық тақырыбын түсіндіру және оны насихаттау оңайға соқпаған. Қорқынышын жеңуге өз дауысының маңызды әрі қажет екені, тек көпшілік алдында сөйлеу арқылы Теміртаудағы қоршаған ортаға қатысты мәселелердің маңыздылығын жеткізе алатыны көмектескен.
«Бұған дейін мен тақта алдында жауап беруден де қатты қорқатынмын, көпшілік алдында сөйлеу тіптен мүмкін емес болып көрінетін. Мен үшін жайлылық аймағынан шығу қиын болды, бірақ бұл қиындықты жеңуге оқу ісі меңгерушісі Елена Петровна көмектесті. Бір күні мектебімізде бір іс-шара болды, сонда маған сөз сөйлеу тапсырылды. Мен мұғалімімді ұятқа қалдыра алмадым, сондықтан сахнаға шықтым. Енді мен үшін өмір сүру әлдеқайда жеңіл ‒ үрейден құтылдым, емін-еркін әңгіме-дүкен құра аламын, ақпаратты кез келген адамға сапалы жеткізе аламын», - деп бөліседі Алина.
Экология тақырыбына тереңірек үңілген Алина климаттың өзгеруі және онымен байланысты барлық мәселелерді зерттейді: оны ауыз судың сапасы мен тапшылығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, жасыл желек отырғызу және көптеген басқа тақырыптар қызықтырады.
«Мен де қазір толығымен экологиялық таза өмір сүріп жатырмын ‒ шопперлер немесе басқа да баламаларды пайдаланамын. Айналамдағылар да – достарым мен таныстарым – қалай экологиялық таза өмір сүру керек екенін біліп жүруіне көмектесуге тырысамын. Кем дегенде білгені жөн, өйткені бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді, бәрі бірдей істегісі келмейді, бірақ бәрі білуге, тым болмаса бір істі экологиялық таза жолмен жасауға міндетті», - деп сенеді волонтер.
Ауаның ластануы және ондағы зиянды заттардың концентрациясы туралы ақпарат Теміртау қаласының әрбір тұрғынына қолжетімді болуы үшін Алина Кочетова Instagram желісінде @vozdux_temirtau парақшасын ашып, онда өнеркәсіптік қала тұрғындарының немен тыныс алатыны туралы мәліметтерді күнделікті жариялап отырады. Контентке арналған ақпаратты әртүрлі көздерден – тақырыптық сайттардан, Қазгидромет ресурстарынан жинайды, сонымен қатар мектепте бар құралдармен ауаның сапасын өлшейді.
«Менің волонтер ретіндегі мақсатым – экология мәселесіне барынша көп адамды тарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды бастауыш мектеп жасынан бастау. Мен ауа сапасы туралы мәселені және ақпаратты Теміртау қаласының әрбір тұрғынына жеткізгім келеді, сонда біздің немесе тыныс алатынымыз әрқайсысымызға байланысты екенін бәрі білетін болады және экологиялық таза өмір сүруге, экологиялық таза өмір сүру үшін және қоршаған ортаны жақсарту үшін әрекет етуді үйренді. Бұл маңызды», - деп бөліседі Алина.
Алина және басқа волонтерлер Елена Петровнаның жетекшілігімен күн сайын өскелең ұрпақ арасында экологиялық дағдыларды үйретумен және дамытумен айналысады, климаттың өзгеруінің себептері мен салдары, қоршаған ортаның ластануы, энергия мен таза ауыз су тапшылығы туралы айтып береді. Сонымен қатар бозбалалар мен бойжеткендер қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу туралы білімімен және тәжірибесімен бөліседі. Әрине, Теміртауда тұратындықтан, ауа тазалығы мәселесі ерекше орын алады. Қазіргі уақытта экобелсенділердің практикалық сабақтар кезінде қолданылатын датчиктері де бар. Оған қоса ЮНИСЕФ-тің «Volunteers4Climate» бағдарламасына қатысатын мектептерге мұндай датчиктер білім беру мақсатында беріледі.
«Біз алдымен датчиктерді Алматыдағы Павел Плотицыннан сатып алдық – ол біздің қалаға арнайы құрылғылар жасап, балаларға олардың қалай жұмыс істейтінін, деректерді қайдан көруге болатынын айтып берді. Мониторлардың өздері өте қолжетімді болды, бірден түсінікті ‒ смайлик күлімдеп тұрса ‒ бәрі жақсы деген сөз, ал егер жылап тұрса, ауа сапасы төмен деген сөз. Осыдан кейін бізден қаланың әртүрлі аудандарындағы ауа сапасы туралы сұрай бастады, бірақ сол аудандарда датчиктеріміз болмады. Сондықтан біз кез келген жерге алып барып, өлшеуге болатын әмбебап құралдарды сатып алдық. Содан кейін қарағандылық эко-волонтерлерге жүгіндік, олар датчиктер жасалатын материалдармен бізге келіп, балалар мектепте өз қолдарымен осындай датчиктерді жасап, ауаның сапасын өлшеп көрді. Ал Алина болса, біздегі барлық датчиктерді пайдалануды біледі. Бүгінде ол ‒ балалар мен ересектерге арналған тренингтер мен сабақтар өткізетін, жалпы ауа сапасының климаттың өзгеруіне қалай әсер ететінін айтып беретін жетекші жаттықтырушы», - дейді Елена Петровна.
Қоршаған орта мәселелері Алина Кочетованың өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны соншалық, мектеп оқушысы өзінің «жасыл» әдеттерін отбасына да «жұқтырған». «Әрине, экологиялық әдеттерді бірден дағдыға айналдыру қиын болды, біраз уақыт қажет болды. Бәрі бірдей қабылдағысы келмеді; кейбіреуі мән-мағынасын түсінбеді. Ең қиыны мәселені түсіндіру болды, өйткені ересектер балалардан жаңа нәрсе үйренгісі келмейді. Сондықтан бұл ақпаратты ата-анама, отбасыма жеткізу қиын болды. Бірақ уақыт өте олар үйреніп, менен үлгі ала бастады – қазір қоқысты бірге сұрыптаймыз. Енді отбасымызда тұрмыстық қалдықтарға арналған бөлек компост шелегі бар. Оған барлық қалдықтарды бөлек жинаймыз, содан кейін қарашірік алып, үйдегі өсімдіктерді тыңайтамыз», - дейді белсенді ерекше мақтаныш сезімімен.
Экобелсенділігінің арқасында Алина өзіне деген сенімділігін нығайтып, тұлға ретінде өсіп, көптеген пікірлес адамдармен танысты. Оның үстіне ауа сапасын бақылаудың көмегімен денсаулығын жақсарта алды.
«Әсіресе жазғы аптап ыстықта маусымдық аллергиям асқына бастайды. Қазір оны азайтатын бірнеше пайдалы әдеттерді, жолдарды білетіндіктен, өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Мен ауаның денсаулығымызға қалай әсер ететінін түсінемін, қандай концентрация кезде үйде болған жөн, көшеге шықпау керек, үйде өзімізді қалай қорғау керек екенін білемін, яғни қатты түтін болған кезде үйді желдетпеу керек, пәтердегі ауаны ылғалдандыру керек, көбірек су ішу керек, ал егер далаға бәрібір шығуға тура келсе, көшеде кез келген физикалық белсенділіктен аулақ болу керек»,- дейді Алина.
Бойжеткенге экология тақырыбына тереңірек үңілуге және осы мәселе туралы ақпаратты таратуға ЮНИСЕФ-тің «Volunteers4Climate» білім беру бағдарламасы көмектескен. Экобелсенді климаттың өзгеруі және оған бейімделу, сондай-ақ ауаның, судың және топырақтың ластануының ауқымы туралы көбірек білді. Алина мектеп оқушыларына тренинг өткізу және аудитория назарын аудару сабақтарын өткізу өзіне орасан зор пайдасын тигізгенін айтады.
«Маған тренингтер тек жаңа теориялық білім алуға ғана емес, сонымен қатар жеке қасиеттерді – көшбасшылықты, ұжым құруды, бір-бірімен өзара әрекеттесуді, ұйымшылдықты дамытуға бағытталғаны ұнады. Өз басым жалғыз жұмыс істегеннен гөрі ұжымда жұмыс істеу оңайырақ екенін түсіндім, өйткені бірге барлық қиындықтарды жеңу оңай. Бағдарламаға қатысу мен үшін маңызды болды, өйткені бұл – жаңа,
жоғарырақ, белгілі бір дәрежеде тіпті жаһандық деңгейге шығу», - дейді волонтер.
Алина «Volunteers4Climate» сияқты жобаларды бүкіл елге тарату керек деп шын жүректен сенеді. Ол қоршаған ортаның жай-күйі әр адамның іс-әрекетіне байланысты екеніне және эко-әдеттерді жас кезден меңгерген жөн екеніне сенімді.
«Экологиялық әдеттер өмір салтына айналуы керек. Бірақ сол өмір салтын отбасында да қалыптастыру керек, өйткені отбасы бірінші кезекте адамның басты қасиеттерінің негізін қалайды және, сөзсіз, экологиялық санаға да әсер етеді», - деп сенеді Алина.
Күн сайын бойжеткен өзін-өзі жетілдіріп, экология мәселелері туралы жаңа мәлімет іздейді, осы саладағы соңғы зерттеулер туралы оқып-біліп отырады. Мектепті бітіргеннен кейін Алина өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар сілтеу үшін экологиялық мәселелермен айналысуды, эколог немесе мұғалім болуды жоспарлап отыр.