ЮНИСЕФ пен Almaty Museum of Arts өнер арқылы балалар мен жастарды қолдау үшін күш біріктірді

13 Тамыз 2026
Youth Forum Winners
@UNICEFKazakhstan/2026/DidarImakhanov

АЛМАТЫ, 2026 жылғы 11 тамыз — БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі мен Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық балалар мен жастарды мәдени және қоғамдық өмірге тартуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, сондай-ақ өнер мен шығармашылық бастамалар арқылы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын ілгерілетуге бағытталған.

Ынтымақтастық заманауи өнер мен музей кеңістігінің әлеуетін өскелең ұрпаққа арналған жобаларға біріктіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүкіл әлемдегі музейлер мен мәдени алаңдар көшбасшылық қасиеттерді дамыту және өзін-өзі көрсету үшін инклюзивті әрі қауіпсіз орта қалыптастыра отырып, әлеуметтік өзгерістер мен жастармен өзара іс-қимыл орталықтарына айналуда.

Signing of MOU
@UNICEFKazakhstan/2026/DidarImakhanov

Серіктестік аясында тараптар волонтерлік бағдарламаларды дамытуды, балаларға арналған бірлескен білім беру және мәдени іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ қайырымдылық жобаларын, оның ішінде қайырмалдық жинауға жәрдемдесуді және ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық аукциондары үшін лоттар ұсынуды жоспарлап отыр.

«Өнердің біріктіруші күші зор және ол балалардың құқықтарын ілгерілетудің тиімді құралы бола алады. Біз жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тартуға дайын заманауи мәдени кеңістік – Almaty Museum of Arts-пен серіктес болғанымызға қуаныштымыз. Біздің бірлескен жұмысымыз балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғамның назарын олардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне аударуға көмектеседі», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар.

Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева өз кезегінде:

«ЮНИСЕФ-пен меморандумға қол қою – біздің музейіміз үшін маңызды қадам. Біз тек көрме кеңістігі ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы болуға ұмтыламыз. Біздің серіктестігіміз жастарға өз бастамаларын жүзеге асыру және болашаққа деген көзқарастарын мәдениет пен өнер арқылы білдіру үшін сенімді платформа ұсынады».

Меморандумға қол қою Almaty Museum of Arts алаңында өткен Almaty Youth Forum 2026 халықаралық жастар форумының екінші күні аясында өтті. Күннің басты оқиғаларының бірі жастар жобалары байқауының финалы болды. Қазақстан мен Қырғызстаннан келіп түскен 211 өтінімнің ішінен форумның финалына 29 жоба іріктелді. Көрмеге келушілердің дауыс беру қорытындысы бойынша он команда өз бастамаларын сарапшылар қазылар алқасына таныстырып, жобаларды одан әрі дамытуға қолдау алу үшін бақ сынасты.

Жастар жобалары байқауының жеңімпазы VoiceX (Астана) жобасы болды. Бұл – дауысынан айырылған адамдардың табиғи сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге көмектесетін, мойын бұлшықеттерінің микровибрациясын жеке дауысқа айналдыратын жасанды интеллект негізіндегі құрылғы. Бірінші орын үшін команда PolymerMarket компаниясының бас директоры Ольга Тлеужанова ұсынған 1 000 000 теңге көлеміндегі арнайы сыйлыққа ие болды.

Winners
@AlmatyPalaceofSchoolchildren/2026/MarinaAimanova

Екінші орынды Samruq.AI (Қарағанды ​​облысы) — шахталарға арналған болжамды қауіпсіздік AI-платформасы және MOVE. (Алматы) – физиотерапия және оңалту клиникаларына арналған AI-платформасы өзара бөлісті. Командалар өз жобаларын пысықтап, дамытуға көмектесетін ЮНИСЕФ-тің үш айлық менторлық қолдауына ие болады.

Үшінші орынды EcoTube (Астана) — автомобиль көлігінен бөлінетін көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға арналған шешім және Qyran (Абай облысы) — ымдау тілін нақты уақыт режимінде мәтін мен сөйлеуге аударатын AI-платформасы иеленді. Бұл командалар өз бастамаларын одан әрі дамыту үшін ЮНИСЕФ-тен бір айлық менторлық қолдау алады.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді. Өз серіктестерімен бірге ЮНИСЕФ 190 елде және аумақта өз міндеттемелерін жүзеге асыру үшін қызмет етеді, бұл ретте әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту мәселесіне ерекше назар аударады. ЮНИСЕF қызметі туралы толық ақпаратты www.unicef.org сайтынан алуға болады. Instagram, Facebook және X (Twitter) әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.

Almaty Museum of Arts туралы

Almaty Museum of Arts балалар мен ересектерге арналған көрмелер, өнер жобалары, баспа қызметі және білім беру бастамаларының ауқымды бағдарламасын жүзеге асырады. Музей идеялардың еркін алмасуына және мәдени диалогқа ықпал ете отырып, Орталық Азия өнерін зерттеу және таныстыру үшін платформа қызметін атқарады.

Музей коллекциясының негізін Нұрлан Смағұловтың отыз жыл бойы қалыптасқан жеке жинағы құрайды. Ол 700-ден астам қазақстандық өнер туындысынан тұрады және аймақтағы ең ірі жеке коллекциялардың бірі болып табылады.Жинақ Қазақстанның, Орталық Азияның және көршілес аймақтардың заманауи өнерінің жаңа туындыларымен толығып, түрлі жанрлар мен көркемдік бағыттарды қамтуда.