ЮНИСЕФ Ізгі ниет елшісі
Динара Сәдуақасова, әлемнің үздік 10 шахматшысының бірі, 2017 жылдың қараша айында ЮНИСЕФ Ізгі ниет елшісі атанды. Ол Қазақстандағы аса ұрымтал балалардың құқықтарын қорғау үшін күреседі.
Динара Сәдуақасова
Динара – қазақстандық шахматшы, FIDE Халықаралық шахмат федерациясының Халықаралық шебері (IM) және әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) атағының иегері.
2020 жылдың қаңтарында ол Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) әлемдік рейтингінде үздік ондыққа кіріп, әйелдер арасында Азия чемпионы болды.
Спорттағы көптеген жетістіктеріне қоса Динара әлеуметтік салада да көп еңбек сіңірген.
Динара Сәдуақасованың ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілдігімен ынтымақтастығы 2017 жылы басталды. Сол уақыттан бері Динара ЮНИСЕФ бастамаларына қолдау көрсетіп келеді, ол Маңғыстау облысындағы балалардың жағдайы туралы көбірек білу үшін сол өңірге сапармен барып, заңға қайшы әрекет жасаған балалармен және белсенді жастармен кездесті. Сонымен қатар, ол Жастар ресурстық орталығына барып, дәріс оқыды және жастармен ынта-ықылас, тәртіп және табыс туралы әңгімелесті. Динара Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, отбасының қолдауынсыз қалған балаларға арналған отбасылық типтегі ауылда және заңмен байланысқа түскен балаларға арналған мамандандырылған мектепте балалармен шахмат турнирлерін өткізді.


ЮНИСЕФ-тің арқасында мен аса ұрымтал балалардың – мүгедектігі бар балалардың, қылмыс құрбаны немесе куәгері болған балалардың, заңға қайшы әрекет жасаған балалардың, тіпті өз отбасында қатыгездік көретін балалардың құқықтары туралы көбірек біліп отырамын. Мен әр баланың құқықтарын қорғауға өз үлесімді қосуға үміттенемін.
Динараның Шахмет академиясы Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай Қазақстанда балалардың құқықтары туралы хабардарлықты арттыру үшін шахмат турнирін ұйымдастырды. Сонымен бірге, ол Дүниежүзілік балаларды қорғау күнімен сабақтастырылған іс-шараларға қатысып, балалардың құқықтары туралы сөз сөйледі.
Динара ЮНИСЕФ-тің балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу науқанына қолдау көрсетеді: ол ықпалды тұлғалармен кездесулерге қатысады, әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы әңгімелейді, балаларға зорлық-зомбылық көрсету мәселесін шұғыл шешуге үндейді.