Әке мен Ананың отбасындағы рөлі

Баланың қалыптасуында ана мен әке қандай рөл атқарады

UNICEF Kazakhstan
Family
UNICEF/UNI289194/Mussirov
13 Қазан 2020

Жаңа туған сәби – аса нәзік, ғажайып, керемет және өте тәуелді жаратылыс иесі. Өмірінің ең ерте шағында ол тек біреудің көмегімен ғана дамуға жарамды; ересек адамның қатысынсыз, қолдауынсыз және қамқорынсыз ол қазаға душар болады және қоғамның толыққанды мүшесі болып өсе алмайтыны  шүбәсіз.

Ең жақын ересек туыстарымен (анасы, әкесі, атасы мен әжесі) бала өз өмірінің алғашқы кезеңдерінде кездеседі де, тек солардан және сол адамдар арқылы қоршаған ортамен танысады және адам тілін алғаш рет естиді, өз іс-әрекетіне арналған заттарды және құралдарды игере бастайды, келешекте – адами өзара қарым-қатынастың күрделі жүйесін де меңгереді. Қандай да бір себептерге байланысты өмірінің алғашқы бірнеше жылында ересектермен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған балалардың кейін де «адам секілді» ойлауды, сөйлеуді үйрене алмаған және әлеуметтік ортаға бейімделе алмаған мысалдары аз емес екені белгілі. 

Бұл пайымдаудың дәл сондай көрнекілігі «госпитализм» феномені болып табылады, мұнда баланың ересекпен өзара әрекеті тек жасанды күтіммен шектеледі және баланың үлкен адам арасындағы толыққанды эмоциялық қарым-қатынас жасау мүмкіндігін болдыртпайды (мұндай жағдай ерте жастағы сәбиді балалар үйіне орналастырғанда болады).

Мұндай балалар өздерінің қатарластарына қарағанда дене дамуында, интеллектуалдық та, эмоционалды дамуында да әлдеқайда артта қалатыны дәлелденген: олар кеш отырады, жүреді, сөйлейді, олардың ойындары жұтаң әрі бір тектес және көбінесе затты айналдырып қараумен шектеледі. Мұндай балалар, әдетте, енжар, білімқұмар емес, өзге адамдармен қарым-қатынас жасау машықтарын  игермеген болып келеді. Сипатталған мысалдар ең шеткі, типтік емес құбылыстарды көрсетіп отырғаны сөзсіз, бірақ бұл мысалдар балалардың ересектермен адекватты қарым-қатынас жасауы олардың психикалық дамуы мен психикалық денсаулығының негізі болып табылатынының айқын көрінісі болып отыр.

Бәрінен бұрын сәбидің анасымен физикалық және эмоциялық байланысына мұқтаж екені анықталады. Мұндай маңызды мұқтаждықты бұзу психикалық жағымсыздықтың түрлі формаларының себепшісі болуы мүмкін. Бала  ананың бауыр етінен жаралады және тіпті, одан бөлінгеннен кейін де, денесі мейлінше дербес бола бастаса  да, ол ұзақ уақытқа дейін анасының дене жылуына, оның құшағына және мейіріміне мұқтаж болады. Сәбидің анасына құштарлығын зерттеу  соңғы онжылдықтар бойы экспериментті психологияның алдыңғы қатарлы бағыттарының бірі болып келеді. Анасы мен сәбиінің арасындағы байланыстан асқан жақын әрі берік физикалық та, рухани да, жан ынтызарлығы да болса да, байланыс жоқ. Анасы нәрестесін тоғыз ай көтереді, оған өмір сыйлайды, баласына алғашқы өмірлік бейімділік береді, оған ерекше нәзіктікпен жақын, баласының ауруын өзінікіндей сезеді.

Баланың психикалық-физикалық дамуында толыққанды отбасының маңызы айтарлықтай зор, сәбидің алғашқы өмір жылдарында әсіресе ананың рөлі ең маңызды болып табылады. Бала алғашқы өмір жылдарындағы анасымен қарым-қатынасының негізінде ғана кейін өмір бойы өзінің ересек өмірін қалыптастыратыны дәлелденген. Аналарға туғаннан 3-5 жас аралығында баласына қалай дұрыс қарым-қатынас жасау қажет екендігі жайлы нақты және қарапайым нұсқаулықтар беруге талай талпыныс жасалды және жасалып келеді, себебі дәл осы кезде тұлға, мінез негізі қаланатыны, қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас жасаудың негізгі  стереотиптері қалыптасатыны белгілі.

Споктың «Бала және оған күтім жасау» кітабы барлығына мәлім, көптеген аналар балаларын «Спок бойынша» тәрбиелеген уақыт та болған. Ал қазір, міне, аталған кітапта баяндалған жағдайлар дау туғызатын және жоққа шығарылып жатқан кез келді.  Мәселен, «баланы нақты кесте бойынша тамақтандыру қажет» деген «қалаған кезінде тамақ беру керек», «қосымша тағам қосу керек» дегені «тек қана ана сүтімен және барынша ұзақ уақыт тамақтандыру», «қолға үйретуге болмайды» - «барынша жиі қолға алыңыз» дегенмен ауыстырылып келеді. Шындық, әдеттегідей, ортасында тұр. Споктың тек бір пайымдауын: «Жақсы көретін ана баласына не беру керек екенін өзі біледі» дегенін жоққа шығару мүмкін емес.

Сондай-ақ балалар психоаналитигі, балалар психиатрлары мен психотерапевтері арасындағы сөзсіз беделді Д. Винникоттың сөздерін келтіруге болады: «Кейде аналарды өздері жасап жатқанның айтарлықтай маңызы бар деген ой қобалжытады, мұндай кезде оларға оны айтпаған жөн, әйтпесе олар өз әрекеттерін қайта ойластырып, оларды нашарлау орындай бастайды.

Ана болуды үйреніп алу мүмкін емес және қорқыныш сезімі физикалық дерлік қасиетке ие өте қарапайым  махаббаттың орнын баса алмайды. Ендеше еңбектеніп, осы мәселелердің басын ашудың не қажеттілігі бар? Біреу болмасын біреу мұндай еңбекті мойнына алуы тиіс екендігіне сенімдімін, әйтпеген жағдайда баланың ең алғашқы даму сатысында  ана мен сәбиінің қарым-қатынасы қаншалықты маңызды екенін ұмытып кетеміз. Ұмытып кетеміз және, ойланбастан, қыстырыла бастаймыз, ал дәл соны жасаудың қажеті жоқ.

Егер ана қандай да бір айрықша күш-жігерсіз ана болуға жараса, біз ешқашан килікпеуіміз керек. Ол өзін қорғай да алмайды, себебі оны не үшін кінәлап жатқанын жай ғана түсінбей қалады. Ал біз оны жарақаттаймыз. Тек ол аяғының сынуы болмайды, қолдағы қанталап жатқан жарақат емес. Мұның бәрі оның баласының психикасын мертіктіруге айналады. Маңызды болып табылмайтын соншалықты қарапайым дүниеге қажетсіз килігуден біз тигізген жарақатты емдеу үшін ана талай жылдарын қаншалықты жоғалтады?

Жас ананың үйренетіні көп. Ол мамандардан баланың рационына қосатын қатты тамақ жайлы, дәрумендер туралы, салмақ қосуды қадағалау жайында көп пайдалы нәрсе біледі. Ал кейде оған мүлде басқа тектес дүниелер жайлы айтылады, мысалы, бала тамақтанудан бас тартқан кезде ол қалай әрекет етеді?

Бір жағынан, дайындығы бар кәсіби маман, мүмкін, арнайы бала күтімін жүргізуді үйренбестен өз сәбиіне қамқор болуға жарамды ананың интуициялық біліміне тәнті болған шығар. Интуициялық ұғынудың басты құндылығы шын мәнінде оның оқумен бұрмаланбаған табиғилығында жатыр».

Дегенмен де, ананың жас сәбимен өзара қарым-қатынас жасауының бірнеше «сәтсіз» мысалдарын, мұндай іс-әрекеттердің мүмкін болатын себептері мен салдарларын келтіруге рұқсат етіңіздер.

«Мертіктіретін» аналардың шартты түрде  бірнеше типін белгілеуге болады:

  1. «Елес»-ана.

«Елес»-ана, көбінесе, баланың жанында да, рухани түрде де жоқ ана. Ол баласына қатыгездікпен қарайды деп айтуға болмайды, бірақ оның сезімдері бала үшін қашан да жабық. Ол анасынан ашық болуды және өзге адамға жақын болуды үйренбейді. Мұндай ана кез келген байланыс жасау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, зорлыққа қол салуға бейімді, мықты байланыс орнатуды болдыртпай, эмоциясын бақылауда ұстайды.

Мүмкін, мұндай ананың жеке қиыншылықтары бар шығар, сондықтан ол баласына көңіл бөлмейді, баласын жалғыз қалдырады, нәтижесінде ол кімге болса да сенім білдіру қабілетінен айырылады. «Елес»-ана өзін-өзі балалары анасын ренжітіп немесе өкпелетіп алмас үшін ештеңесімен бөлісе алмайтындай етіп ұстайды.

Мұндай жағдайда тәрбиелеудің салдарлары: 

  • Шеттетілу. Мұндай ана тәрбиелеген адамдар эмоциялы түрде ұжымның, отбасының  мүшесі бола алмайды.
  • Тұйықтық. Қиындыққа ұшыраған сәттерде олар көмекке жүгінбейді, өздерін жақсы көретін адамдардың көңілін қалдырып, іштей тұйықталып қалады.
  • Сенбеушілік, өшпенділік, агрессия. Мұндай сезімдерді кейбір адамдар өзгелерді аулақ ұстау үшін пайдаланады басқаларға сенбейтіндіктен олар өзіне жақындағысы келгендерді мейлінше шеттетіп,  шабуылға көшеді.
  • Қарым-қатынастарды асыра бағалау. Ересек өмірде мұндай адамдар кезінде «елес»-анасы қалдырған саңылауды толтыратын қандай да бір адамды іздеумен болады. Олар досы немесе сүйіктісі кезінде анасынан ала алмағанды беретініне сенім артады. Дегенмен бір де бір адам мұндай жоғары талаптарға сәйкес келмейді. Яғни, өміріне көңілі толмаған, сиқырлы таяқшаның сілтеуімен неке оларды бақытты ететінін елестететін  жалғызбастылар, әдетте, анасының жасанды махаббатын іздейді.  
  • Теріс қарым-қатынас. Басындағы өзіне деген сенімділік ұялатпаған  сәтсіз қарым-қатынастың нәтижесінде мұндай адамдар ересек өмірінде теріс қарым-қатынас құрбаны болып жүреді.
  • Қуыскеуделік. Бұл адамзатқа белгілі ең жанға батарлық эмоциялық жағдай.  Бала, кейін ересек адам, анасының махаббаты мен қамқорлығынына жауап ретінде ішінен «толығады».  Адамның өзара сүйіспеншілікпен жауап қайтаратын еш адамы болмаса, проблема туындайды. Махаббатын қабылдайтын адамы жоқ бала ішкі қуыскеуделік сезіммен өседі. Шеттетілген, баланы жанына жақындатпайтын «елес»-ана сондай шеттетілген, іші толмас қуыскеуде адамды тәрбиелейді. 
  • Нашақорлық тәуелділік. Бұл терминнің дәстүрлі мағынасы меңзеліп отыр, оны ішкі вауумды толтыру үшін  ананы іздеу әдісі ретінде наша мен ішімдік қолдануға пайдаланады, сонымен қуыстық сезімін тұншықтыруға тырысады.
  1. «Фарфор қуыршақ» - ана.

«Фарфор  қуыршақ»-ана жағымсыз немесе шиеленіскен жағдайларды жеңіп шыға алмайды, себебі «тез сынады». Ол шекара орнатуды, өзін және қоршаған ортасын қадағалауды  білмейді, ересек әлеммен істес болуға дайын емес. Мұның барлығы оның ана ретіндегі қылықтарынан  көрінеді: баласының проблемалары оның ұнжырғасын түсіреді, өзінің проблемалары секілді тұншықтыра береді.

Бала қандай да бір қатты сезім білдірген кезде айқын көрінеді. «Фарфор»-ана өз баласын жақсы көргенімен, оның айғайы, долылығы, мұңы немесе қорқынышы алдында бірден тайсақтайды. Бала тарапынан пайда болған қатты «бұрыс» сезімдер сөгіс пен жазалауды туындатуы мүмкін. «Фарфор қуыршақ» өзінің жекелеген жанға бататын эмоциясына толы әлемінде өмір сүреді және барлығын солардың әсерімен қабылдайды. Бала шынайы өмірмен алауыздықта жүрген кезде баланың эмоциясы арқылы оның өзінің жеке үрейі мен абдыраушылығы шығып кетеді.

Тәрбие салдарлары:

  • Қарым-қатынастар проблемасы.  «Фарфор қуыршақтардың» балалары өздері мұқтаж жақындықтан бас тарта  отырып, өміріндегі ең маңызды адамдармен қарым-қатынастағы проблемалармен кездеседі. 
     
  • Агрессивтілік. Адам эмоциялы адамдарды әлсіз және жауапкершілігі жоқ деп есептеп, сынай бастайды. Оған біреу өзінің проблемасымен жүгінген кезде, ол «өз-өзіңді қолыңа ал» және «қыңқылдауды қой» деген кеңестер беруге бейім.  
     
  • Тұйықталып қалу. «Фарфор қуыршақтың» тәрбие беруі нәтижесінде бала ашу, қорқыныш немесе уайымды бастан кешкен кезде немесе мұндай сезімдерді басқаның бойынан байқап қалғанда қашан да байланысты үзуге әдеттеніп кетеді. Эмоция оны тұншықтырып жібереді және барлық механизмнің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп тұратын сақтандырғыш бірден күйіп кеткендей, ол бұл жағдайдан эмоциялы түрде немесе тіпті, шын мәнінде шығып кетеді.
     
  • Егер баланы «фарфор «қуыршақ» тәрбиелесе, бұрынғыдай оның эмоциясын тоқтататын біреу қажет болады.
  1. Өктемшіл ана.

«Фарфор  қуыршақ»-ана ғана баласын балалық шақтан ересек өмірге созылып келе жатқан проблемамен жүктеп қоймайды, баланың бойындағы дербестігін, өзгеде ұқсамастығын және жауапкершілігін қолдамайтын ана да солай жасайды. Өктемшіл  ана баласын үнемі бақылауда ұстайды. Ол баласын барлық жерде және барлық  жағдайда қадағалап отырады.  Баланың бірде-бір қылығы немесе шешімі шешесінің мұқият қарауынсыз өтпейді. Анасы баласы үшін барлық проблемаларды, тіпті, баланың өзі шеше алатын проблемаларды да шешеді. 

Тәрбие салдарлары:

  • «Жоқ» деп айтуға жарамсыздығы. Балалық шағында анасына қарсы шыққан кезде үнемі ұрысқа тап болғандықтан, өзін жақсы көретін адамдармен қарым-қатынас жасауда «жоқ» дегеннен теріс салдар туындауынан қауіптенеді.
  • Бақылаудағы проблемалар. Бақылаушы шеше баласына қарым-қатынас еркіндігіне үйренуге мүмкіндік бермейді. Ол қарым-қатынаста үнемі бақылау қажет екендігіне иланады және өз анасы секілді өзгелерді бақылау үшін ашу, кінә, манипуляция, махаббатынан айыру секілді сезімдерді пайдаланады. Нәтижесінде, мұндай адамды сүйетін жандар үнемі бақылауда жүруден шаршайды да, бірте-бірте мұндай қарым-қатынасты үзе бастайды.  
  • Жақындасудан қорқу және өзін біреуге «беріп қою» қорқынышы. Балалық шақта бақылаушы ана баласына өзімен-өзі болуын мүмкіндік бермейді. Ол әрқашан бақылауды сезінеді және мұның нәтижесінде оған қарым-қатынас тым тығыз болып көрінеді, ол махаббат сезімін жоғалтады да, қарым-қатынасты үзеді, ал оның сүйіктілері не болып жатқанын түсінбей де қалады.
  • Берекесіздік. Бұл жағдайда да шешенің орны сондай-ақ басты болып отыр. Балаларын тәртіпке келтіргісі келмейтін аналар олардың белгілі бір мінез-құлық құрылымы мен салдарларын құра отырып, тым берекесіз, ұйымдаспаған тұлға тәрбиелеп шығарады.
  • Өздерін өз өмірінің қожайыны деп сезінбейді. Өсе келе мұндай адам өз өміріне иелік ету мүмкіндігін жоғалтады, себебі ол белгілі бір заттарға байланысты өзінің таланты мен бейімділігін білу, өзінің құмарлығы мен сезімдерін түсінуді білдіретін еді.
  • Жауапсыздық. Жағымсыз жағдайлар төніп тұрғанын түсінетін балалар өзінің еркіндігіне өздері шек қоя біледі. Бақылаушы ана баласын мұндай жауапкершіліктен айырып тастайды және осылайша баланың өзіндік іс-әрекеттері мен істері үшін өзі емес, анасы жауап беретініне үйретеді. Шешесі ол үшін барлығын жасайды деген ойға әдеттенеді. Ол ешқашан да мойнына жауапкершілік алмайды.
  • Нашақорлық  және тәуелділік синдромы. Нашақорлық, ауруға бейім артық тамақ жеу және желікпелі ашығу – мұның бәрі реттелмеген тұлға қасиеттері.
  • Үрейлік күйі мен байбалам ұстамасы.  Үрейлік сезімі өмір қол астынан шығып кетті деген сезімнен туындайды, яғни адам өзін өмірінің қожайыны болып сезінбейді. Қоршаған адамдармен қарым-қатынасты басқаруға қауқарлы емес және сенімді қызмет ете алмайтындай сезінсе, ол шошиды.
  • Өзгелерді кінәлауға бейімділік.
  1. Бас терісінің аңшысы» үлгісіндегі ана

«Бас терісі аңшысы» үлгісіндегі ана баласының жағымсыз эмоция сезінгенін, өзінің жоғалтқанын мойындауды болдыртпайды. Мінсіз адамға кінә немесе ұят, сәтсіздік және жоғалту сезімін бастан кешу жараспайды. Мұндай шеше баласының шексіз мінсіз болғанын қалайды. Мұндай ана  баласының әлсіздік білдіргенін бодыртпайды. «Бас терісінің аңшысы» үлгісіндегі ана баласы қалағанына, қаламағанына да қарамастан, оның мақтаныш тұтатын бала болғанын қалайды. 

Тәрбие салдарлары:

  • Өзгелер үшін тырысу. «Бас терісінің аңшыларының» өскен балалары өздерін қарым-қатынас кезінде мейлінше жақсырақ көрсетуге тырысады. Олардың  тұлғасының басқа жағына ие емес деуге де болады. Олар серіктесіне бар күш-жігерін салып жағуға, оның көңілін мүлде қалдырмауға тырысады, олар қателік жібермес үшін және өзінің кемшіліктерін байқап қалмас үшін  қашан да сақадай сай.   
  • Депрессия. «Бас терісі аңшыларының» өскен балалары жиі күйзеліске ұшырайды. Жеке немесе кәсіби саладағы кез келген сәтсіздік қорқынышты шындықты шығарады: олар өздері сенген мінсіз өмірге бейімсіз. Сәтсіз неке, ажырасу, балаларымен ұрыс, жұмыстағы қиындық армандарының бәрінің быт-шытын шығарады. Мұндай адамдардың сәтсіздіктермен күресе алатын «бұлшық еттері» жоқ,  сондықтан олар күйзеліс билігіне түседі де, оларды өздерінің шын мәнінде қандай  болып шыққандарынан торығушылық  жаулап алады.
  • Үрей, ұят, кінә. «Бас терісі аңшысының»  баласына анасын, өзін, басқа адамдарды ұятқа қалдырып жатыр ма, сол жайында уайымдауға тура келеді. Барлық адамдардың күтетін нәтижесі бір соған бағытталған деп елестейді, жанталаса мінсіздікке қол жеткізуге тырыса отырып, ол үнемі ұят және кінә сезімін бастан кешеді. Жүрегінің түбінде мұндай адам оның бүкіл өмірі алданыш және ешкім оның шынайы, терең жасырылған «мені» жайлы аңғармайтынын түсінеді. Ол үнемі сол жайында жанын жейді.
  • Зиянды әдеттер және тәуелділік. Зиянды әдеттер және алуан  түрлі тәуелділік шынайылықты ауыр қабылдаудың уақытша анестезия ретінде қызмет етеді. Бұл екі себептен орын алады: біріншіден, бұл оның кімге айналғаны туралы ойдан, өзін кешіре алмайтын барлық жамандықтары мен барлық сәтсіздіктерінен көңілін аударады; екіншіден, мінез-құлықтағы ауытқулар өзін-өзі жайлы сезінетін панаға айналады.
  1.  «Басшы» ана. 

«Басшы»  ана баласының тәуелсіз, қалыпты қызмет ететін ересек адам болу қабілетін түсіреді.  Мұндай ана жеке өзі қатыгез үй іші ережелерін орната отырып, оларды орындауды талап ете,  баласын бойсұнуға үйретеді, отбасына қатысты өзінің беделін көрсетеді.  

Мұндай шешенің тәрбиесінің салдарлары бірнеше нұсқада көрініс табуы мүмкін. 

«Төменгі позиция»: Мұндай адам өзін қашан да өзгелерден төмен санайды. Ол қандай да бір қабілеттілік, ой-пікір, күш байқаған жағдайда шамдануды тудырудан қорқады.  Әдетте мұндай адам жетістіктен бас  тартады, бірақ  объективті деректерге қарағанда оған мейлінше  үміттенуге болар еді. Жұмыста болсын, жеке өмірінде болсын, сәтсіздік оның маңында айналшықтайды, ол өзінің әлеуетін жүзеге асыра алмайды. Ол «ережелерді» білсе ғана өзін қауіпсіз  сезінеді. Көбінесе мұндай адам өзі ойлау қажеттілігінен бас тарту үшін өзіне беделді «гуру» таңдайды және өзінің ардақтысының сыйластығына лайық болу үшін бәрін жасайды. 

«Жоғарғы позиция»: «төменгі позицияны» ұстанатын адам бала рөлін сақтап қалған кезде, сол ауытқудың басқа көрінісі «жоғарғы позиция» болуы мүмкін:  адам өзін өктемшіл ұстайды, өзгелерді басқаруға және олардың іс-әрекеттерін бақылауға тырысады. Шын мәнінде мұндай адамдар да өзін «кіші» сезінеді, бірақ өзі меңгерген қарым-қатынас жасау стилі бұл  сезімді басуға мүмкіндік береді. Ол өзін ата-анасының рөлімен теңестіреді және сөйте отырып, өзінің бала рөлін жеңеді. Қоластындағы әріптестеріне, тіпті жиі достарына да, некедегі жұбайына да мұндай адам тәкаппарлықпен және сынмен қарайды. Соңғы сөзді осы адам айтуы тиіс, оның пікірі талассыз болады. «Менің айтуымша болады немесе мүлде болмайды». Мұндай адамдар жоғары кәсіби маман және сәттілікке жақын адам болса да, олар үшін бұл аз: барлығын артта қалдырып, барлығымен  жарысқа түсу керек.

«Бүлікшілер». Шын мәнінде үшінші нұсқа сол «төменгі позицияның» көрінісін білдіреді, алайда бұл жағдайда ата-анасының авторитетіне деген наразылық ата-ананың қолпаштауына ие бола алмай қалу қаупінен жоғары болады. Тұлғаның даму тұрғысынан, бұл ілгерірек болып отыр, себебі адам өзінің агрессивті энергиясына қол жеткізді және ересек өмірге ауысуда көбірек дербестікке қабілетті бола бастады. Дегенмен қарым-қатынастағы проблемалар мұнда шешілмеген күйі қалды. 

Бүлікші кез келген ережелер мен авторитеттен бас тартады. Мұндай адам еркіндік пен сыйластықтың аздығына шығамданады, бірақ олар үшін көбірек жауапкершілікпен өтеуге дайын емес. Ол үнемі үздіксіз наразылық күйінде жүреді; оған не керектігіне қарағанда, ненің керек еместігі әлдеқайда белгілі. Бұл оның бәрібір де үлкен адам болмағанын дәлелдейді. Бүлікшіге ата-ана керек, әйтпесе кімге қарсы ол наразылық білдірмек! Ал ата-анаға деген мұндай мұқтаждық – есеймегендіктің  белгісі. 

Осылайша, анамен қарым-қатынас бала дамуындағы басшылық рөлді ана атқаратынын көрсетеді.

Бала тәрбиесінде, әсіресе ерте балалық шақта әкенің рөлі көбінесе әкенің дәстүрлі «мал тапқыш және қорғаушы» рөлінде және ананың жаны жайлылығын қамтамасыз етуден көрінеді деп есептеу қалыптасқан. Дегенмен, әкенің бұл  кейпін психоаналитиктер соңғы жылдары қайта қарастырып жатыр. Баланың алғашқы өмір жылдарында-ақ әкенің келесі міндеттерін айқындап кетуге болады:

Анасы баласына өзінің ішкі әлемін игеруге мүмкіндік береді, себебі кішкентай бала «өзіне анасының көзімен қарайды», ал әкесі баланы жоғары лақтырғанда, онымен ойнағанда сыртқы ортаны меңгеруге көмектеседі.

Әке бала анасының назарынан айырылғанда жағдайды жұмсартуға көмектеседі. Егер анасы келе алмаса, жанында әкесі бар.

Дені сау бала агрессиясын әкесіне де, анасына да міндетті түрде бағыттайды. Тек анасын жақсы көретін әке болса, баланың дамуына ауыртпалықсыз өзінің агрессиясын жеңу жеңілдеу болады. Баланың тәжірибесі бар, тіпті мұндай «жаман» ананы да жақсы көріп кетуге болады. Ересек өмірде оған қоршаған адамдармен өзара қарым-қатынас құру жеңілірек болады, себебі ол адамдарды «мінсіз» және «нашар» деп бөлмейтін болады, яғни мейлінше кемелденген тұлға болып өседі.

Бірін-бірі сүйетін ата-аналардың өзара қарым-қатынасын бақылай отыра, кішкентай бала мұндай қарым-қатынасты есінде сақтайды, оларды бейсаналық деңгейде бойына сіңіреді

Егер бала әкесіз тәрбиеленіп жатса, психоаналитиктер балалардың мектепке дейінгі мекемелерге баруына ұсыныс жасайды, онда әкемен қарым-қатынас жасау тапшылығы қатарластарымен қарым-қатынас жасау арқылы орны толады: толық отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үйде игерген қарым-қатынасты көрсетеді.    

Берекелі ананың баласы да толыққанды және дені сау  болады, мұндай заңдылықты балалар мамандары бұрыннан байқаған. Баланың жасы ұлғайған сайын әкенің және отбасының басқа да мүшелерінің рөлі айтарлықтай маңызды бола бастайды, бірақ ананың орны бірінші болды және боып қала береді.

Әкенің отбасындағы рөлі 

Отбасының дамуының және баланың дамуының әр түрлі деңгейлерінде әкенің өзіндік мақсаттары мен міндеттері бар. Жұбайының жүктілігі кезінде ер адам әйелінің демалуына уақыттың біршама бөлігін босатып, жүктемені бірге бөлісуге мүмкіндік жасай алады; бірлескен серуен жасай алады және оның үйлесімді тамақтануын қадағалай алады.

Соңғы жылдары ер адамдар, тіпті, эмоциялық қолдау көрсете  отырып,  баланың дүниеге келуі секілді интимді үрдіске де қатыса алатынын сіздер білесіздер.

Дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы үш жылда (әсіресе алғашқы жылында)  бала анасына тәуелді болады; оның балаға қарым-қатынасы, оның жағдайы (физикалық және эмоциялық) балаға зор әсер етеді, бұл кезде баланың психикасының негізі қаланады деуге болады. Сондықтан анасына әке тарапынан көмек пен қолдау көрсетудің баға жетпес маңызы бар.

Берекесі келіскен ананың баласы да толыққанды және дені сау болып өседі – бұл заңдылықты балалар мамандары бұрынырақ байқаған. Әрине, бұл баланың алғашқы дүниеге келген айларында әкесі одан толық шеттетіліп кетуі тиіс дегенді білдірмейді, әке баласымен ойнай алады, оны аймалап-еркелете алады, сәбимен әңгімелеседі және т.б.

Отбасындағы психологиялық климат

Отбасындағы жалпы атмосфера өте маңызды: ұрыс, қатты айқай, әсіресе мұндай жағдайлар қайталанса, баланың дамып келе жатқан тұлғасына түзелмейтін зиян келтіруі мүмкін.

Отбасындағы психологиялық жайлылықты сақтау үшін әйел өзінің жұбайы отбасының өмірі үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екендігіне сенімді болуы тиіс. Сөз қамқорлықты бір қолдан екінші қолға бере салу туралы айтылып тұрған жоқ: әркімнің өз міндеттер шеңбері бар. Кейбір отбасыларда әйелдер дәстүрлі түрде ерлер жұмысын орындайды және керісінше – бұл ерлі-зайыптыларға дұрыс көрінсе, әбден қалыпты жағдай. Қажет болған жағдайда жұбайы оған қолдау көрсететініне сенімді болған маңызды.

Күйеуінің барлық отбасылық проблемалар үшін жауапты болуы – ер-азаматтың тұлғалық кемелденгенінің көрсеткіші. Егер ер-азамат осындай қасиеттерге ие болса – бұл әйелі мен балалары үшін керемет игілік.

Бала өзін қаншалықты сенімді сезінуі, осы өмірден қаншалықты өз орнын таба алуы ата-анасының қандай болғанына, отбасындағы хал-ахуалға байланысты болмақ.

Ата-аналардың психологиялық ерекшеліктеріне қарамастан, ерлі-зайыптылар арасындағы шынайы және ақ пейілді қарым-қатынас айтарлықтай маңызды болып табылады. Мінездер мен көзқарастарындағы айырмашылықтарға  қарамастан, бір-біріне деген сыйластық және ақ пейілді қарым-қатынас баланың өзін және ата-анасын сыйлаудың негізі болып табылатынын ерлі-зайыптылар түсінуі тиіс, баланың бойында бейсаналы түрде отбасының беріктіліне сенімділік қалыптасады.

Әйелдер мен ерлердің психологиялық ерекшеліктері 

Әйелдер мен ер-азаматтардың шынымен де айырмашылықтары көп: ер адам Марстың тумасы, ал әйел Шолпанның тумасы деген қалжыңның болуы тектен тек емес. Ерлердің қоршаған ортамен өзара іс-әрекетінің әдісінде көбіне ұтымдылық, танымдылық аспектілері басым болады, ал әйелдерде эмоциялық қыры басым келеді.  Ер адам отбасындағы рөлін ақша табумен ғана шектеп қоймай, жанұясының тіршілігінің барлық салаларына қатысқаны және эмоциялық хал-ахуалдың қамын ойлауы аса маңызды, себебі осы жағдай балаларға тікелей күшті ықпал етеді. Мұны бірдеңе отырғызайын деп жатқан топырақтың сапасымен салыстыруға болады. Құнарлы жерде өскен ағашты көз алдыңызға елестетіңізші. Ал енді ойша оны шөл далада өскен ағашпен салыстырыңыз. Отбасының психологиялық климаты жайлы қам жейтін ер адамды адал бағбанмен салыстыруға болады, оның еңбегі міндетті түрде мол жеміс береді.

Ер-азаматты не жақсы әке етеді? Жақсы  әкенің басты қасиеті – үлгілі ер-азамат болу. Тек осы қасиет қана әкенің балаларына бөлетін уақыты мен беретін ықпалы оларға шынымен де оңтайлы әсер етуіне кепіл бола алады. Ал әйелдер өз кезегінде бала күтімі машықтары әке үшін ең басты дүние емес екендігін түсінуі тиіс (дегенмен егер ер адамның бойында мұндай дағдылар болса, бұл өте құнды, себебі әке қашан да қиын сәттерде ананы ауыстыра алады). Ер адамды бала тәрбиесіне қатысуға тартуға тырыса отырып, оны ананың қызметтерін орындауға түрткілемеген жөн: ер адамның өзінің айрықша рөлі бар, ол балаға өмірге деген ер-азаматтық қарым-қатынас стилін көрсете отырып,  әлеммен өзара әрекет етуге үйретуде жатыр. Өз сезімдерімен, ойымен, іс-әрекеттерімен, өзінің барлық мінез-құлқымен ер-азамат баланың бойында ер адам деген кім және оның тіршіліктегі рөлі қандай деген түсінік жайлы бейсаналы түрде көзқарас қалыптастырады. Бұл әкесінің мінез-құлық үлгісін игеретін ұлдарға да, ер адаммен өзара әрекет етудің алғашқы сабағын алатын қыздар үшін де аса маңызды.

Әке балаларын неге үйретеді?

Әкесімен қарым-қатынас жасай отыра ұл бала ер-азаматтық мінез ерекшелігін бойына сіңіреді – оған әкесіне еліктегені ғана жеткілікті. Ал қыз бала бейсаналы түрде ер адамның отбасындағы рөлі қандай екені жайлы түсінік алады, бұдан ер адам мен әйелдің қарым-қатынасы қалыптасады. Кейін олар кітаптан, телебағдарламалардан және басқа адамдармен қарым-қатынас жасаудан білген отбасылық өмір жайлы және жыныстар арасындағы  қарым-қатынас туралы  ештеңе де олардың психикасында отбасында көрген және бастан кешкендей үлкен із қалдырмайды, себебі отбасында алған ерте тәжірибе болашақта адам тұлғасы құрылатын ғимараттың құрылыс материалы болып табылады.

Бала есейген сайын оның өміріндегі әкенің рөлі айтарлықтай маңызға ие бола береді. Және бұл жерде барлығының: әйеліне деген қарым-қатынасының да, ата-анасына да, әйелінің ата-анасына да қарым-қатынасының, жұмысы мен достарына деген қарым-қатынасының маңызы зор. Барлық адамдар (соның ішінде әкелер де) тым әр түрлі және ата-ананың баламен өзара қарым-қатынас мінезі ата-ананың да, баласының да психологиялық ерекшеліктерімен айқындалады.

Әке мінезінің ерекшеліктері қандай болмасын, оның жеке психологиялық берекелігі, бала өмірімен шынайы қызығушылығы, тілектестік қарым-қатынасы, өзара әрекетке ашықтығы және бала өміріне белсенді қатысуы қашан да оң нәтиже береді және әке мен баланы дос етеді.

Бала үшін ойын-сауық жерлеріне серуендеу, қымбат сыйлық әперу немесе жоспарланған «тәрбиелеу акциялары» секілді қандай да бір арнайы іс-шаралары емес, күнделікті көзге көрінбейтін әке тұлғасының көріністерінің және оның отбасымен әрі қоршаған ортамен өзара әрекет ету стилінің мейлінше көбірек маңызы барын ер адамдар білуі тиіс.

Жақсы көретін және қамқор ата-ана – үйлесімді бала тұлғасын дамытудың негізі.

*Бұл материал «3 пен 7 жас аралығындағы балаларға жақсы ата-ана болуды үйренеміз» құралының негізінде дайындалды.