ЮНИСЕФ сарапшысы мен жасөспірімдер арасындағы суицидті алдын-алу жайындағы сұхбат

«Жас өрен» психологиялық клубының жасөспірімдері Марко Саркьяпонемен сұхбаттасты

Жас өрен» психологиялық клубының тілшісі: Әсел Көрегенова
Профессор Марко Саркьяпоне бөлісу
UNICEF/Muldasheva
10 Қазан 2019

Қыркүйек айының 24-26 аралығында ТМД және Еуропа мемлекеттерінің психикалық денсаулықты сақтау саласындағы мамандарының қатысуымен Алматы қаласы, БҰҰ кеңсесінде үш күндік Халықаралық Конференция өткізілді. Онда білікті мамандар өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Жалпы, 2015 жылы ЮНИСЕФ-тің сарапшысы Италия профессоры Марко Саркьяпоне мырзаның "Кәмелетке толмағандар арасындағы психикалық денсаулығын нығайту және суицидті алдын-алу" атты бағдарламасы әлемнің бірнеше мемлекетінде өз жұмысын жүргізе бастаған болатын. Сол бағдарлама негізінде Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алғабас ауылы №157 Б. Пәрімбетов атындағы мектеп жанынан жасөспірімдердің психикалық және физикалық денсаулығын нығайту, өмірге деген құштарлығын арттырып, жан-жақты қырын ашу мақсатында мектеп психологы Ләззат Сәулебекқызының жетекшілігімен «Жас өрен» психологиялық клубы құрылды. Конференция барысында бағдарлама авторы Марко Саркьяпоне мырзамен жасөспірімдер арасындағы суицидті алдын-алу туралы тақырып аясында шағын сұхбаттасқан едік.

- Құрметті Марко Саркьяпоне мырза, сіздің жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға бағытталған бағдарламаңыз әлемнің бірнеше мемлекетінде өз нәтижесін беруде. Жалпы, бұл бағдарламаны жасауға не түрткі болды?

- Негізінен алғанда, бұл бағдарламаны жасауға екі себеп болды. Біріншіден, қазіргі қоғамда, жалпы дүниежүзінде жасөспірімдердің психикалық күйі өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан осы нәрсені қолға алу көптен бері ойымда жүрген еді. Ал екіншіден, дәл сол кезде мемлекет тарапынан қолдау білдіріліп, осы бағдарламаны жүзеге асыруымызға негіз болды.

- Егер сіз суицидтік әрекет үстіндегі жасөспірім оқиғасына тап болдыңыз делік, сондағы сіздің әрекетіңіз қандай болмақ?

- Дәл сол сәтте ол жасөспірімге қандай ақыл айтсаң да, әсер етпейді. Мен ең алдымен оның әрекетінің себебін сұраған болар едім. Себебін білгеннен кейін ғана қолымнан келгенше, оған өз тарапымнан қолдау көрсетемін. Бұл жерде басты нәрсе жасөспірім өмірін сақтап қалу.

- «Жас өрен» психологиялық клубы сіздің теңіздей еңбегіңіздің тамшыдай нәтижесі. Жалпы, бағдарлама авторы ретінде клубымызға қандай баға берер едіңіз?

- Шындығында, мен бұған өте қуаныштымын. Егер менің бағдарламам өзгелердің өміріне оң ықпалын тигізсе, еңбегімнің ақталғаны деп білем. Сондықтан мен сіздермен мақтана аламын. Біз екі түрлі жұмыс жүргізгенімізбен мақсатымыз бен мүддеміз ортақ. Сіздердің клубтарыңыздың жетістіктерін көріп, керемет әсер алып отырмын. Тоқтамаңыздар, сіздер одан да үлкен белеске шығатындарыңызға мен сенімдімін.

- Айталық, сіздің балаңыз қандай да бір қиындыққа тап болды. Ал сіз әлемге танымал психолог маман емессіз, қарапайым ғана ата-анасыз. Сол кезде балаңызға қандай көмек көрсетер едіңіз?

- Әрине, ондай жағдайда менің психикалық саулық туралы ақпаратым болмағандықтан баламның көңіл-күйінің өзгеріп жүргенін ғана байқаймын және себебін анықтауға тек сұрақтар қоя аламын. Мен балама психикалық диагноз қоя алмаймын, сондай-ақ қиындығының себебін анықтай алмаған да болар едім. Сондықтан менің айтарым, әрбір ата-ана баласының психологиялық денсаулығы үшін арнайы маманның кеңесін алып отырғаны жөн.



Әрбір ата-ана баласының психологиялық денсаулығы үшін арнайы маманның кеңесін алып отырғаны жөн.

Mental Health conference
UNICEF/Muldasheva

- Сіз халықаралық деңгейдегі әлемге танымал «Кәмелетке толмағандар арасындағы психикалық денсаулығын нығайту және суицидті алдын-алу» бағдарламасының авторысыз. Халықаралық деңгейдегі автор, қарапайым психолог авторға не айтады?

- Жалпы, жасөспірімдердің өзін-өзі басқару арқылы бір-бірімен жұмыс жасауы өте керемет нәрсе. Психологиялық тұрғыда олар бірін-бірі өте жақсы түсінісе алады және қиындықпен күресуде көмекші болады. Мен авторға тек бір ғана нәрсе айтамын: тоқтамаңыздар. Бұл жұмыстарыңыз өз нәтижесімен қатар, қоғамға пайдасын тигізіп жатса, игі іс жасаушы ретінде дами бересіздер деген ойдамын. Тек сәттілік тілеймін!

            

Assel Koregenova
UNICEF/Muldasheva