Касперский зертханасы мен ЮНИСЕФ Қазақстанда ата-аналарға арналған мастер-кластарды бастады
Балалардың интернетті және цифрлық өнімдерді қауіпсіз пайдалануы туралы практикалық кеңестер енді әрбір ата-ана үшін қолжетімді
- Қол жетімді:
- русский
- Қазақша
ЮНИСЕФ-тің “Әлемдегі балалардың жағдайы, 2017 жыл”1 есебіне сәйкес, әрбір үшінші интернет пайдаланушысы бала болып табылады және күн сайын 175 мыңнан астам бала интернетке алғаш рет шығады2. “Kazakhstan Kids Online” зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалар онлайн-қауымдастық әлеміне жиі және ерте жаста енуде. Он баланың екеуі (45,8%) интернетті бес пен сегіз жас аралығында қолдана бастайды, ал 5% интернетке алғаш рет төрт және одан кіші жаста кіреді.
Көптеген әлеуметтік желілер мен ойын платформаларын пайдалану шарттары 13 жасқа толмаған балалардың өз аккаунттарына ие болуына жол бермейді. Дегенмен, “Kazakhstan Kids Online” зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы өздерінің әлеуметтік желілерде және ойын аккаунттарында жеке аккаунттары бар екенін хабарлайды. Бұл ретте олардың профильдерінің көпшілігі жалпыға қолжетімді, осылайша кез келген желі қолданушысы оларды көре алады.
Қазақстандағы Касперский зертханасы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп ата-аналарға балаларын қолдауға және олардың интернеттегі қауіпсіздігіне қамқорлық жасауға көмектесу үшін науқан бастайды. Науқан аясында бес өңірде (Алматы, Түркістан, Ақтау, Семей, Қостанай) ата-аналарға арналған практикалық офлайн мастер-кластары өткізіледі. Басқа аймақтардағы ата-аналар “Балалардың желідегі қауіпсіздігі” брошюрасын жүктей алады және/немесе төмендегі кеңестермен таныса алады.
Ата-аналарға арналған кеңестер
Баланың алғашқы гаджетін қалай баптаймыз
- Құрылғыда балаларға арналған есептік жазбаны жасаңыз. Кез келген смартфон және планшет қорғалуы және иесінің жасына сай бапталуы тиіс.
- Ең қажетті қосымшаларды орнатыңыз. Орналасқан жерін анықтауға арналған (мысалы, онлайн карталар), сондай-ақ оқытуға арналған қосымшаларды орнатыңыз. Орнатылған әр қосымша үшін құпиялылық параметрлерін баптауды ұмытпаңыз.
- Ата-ана қадағалауына арналған қосымшаны орнатуды ұмытпаңыз. Оның көмегімен жағымсыз контентті бұғаттап, баланың қандай да бір қосымшаны пайдаланған уақытын (қажеттілік болса оны шектеп), сондай –ақ балаңыз қайда екенін үнемі біліп отыра аласыз.
Кеңес! Бала шынайы өмір мен жеке қарым-қатынасқа қызығушылық танытқан кезде ғана балаға смартфон сыйлап, оны әлеуметтік желілермен таныстыруға болатынын ұмытпаңыз. Бала талқылауға жатпайтын қағидаларды ұстануға деген өз қабілетін көрсетуге тиіс, мәселен: уақытында ұйқыға жату, дене жаттығуларын жасау және үй тапсырмаларын орындау, достарымен араласу, дұрыс тамақтану және тынығу.
Баланың жаңа құрылғымен өмірін қалай ұйымдастыру қажет және киберқауіпсіздік ережелері туралы қалай айтып береміз?
Көптеген ата-аналарды дисциплина мәселесі толғандырады, бала өзінің бос уақытын қалай пайдаланады, академиялық немесе спорттық белсенділіктерді өткізіп алмайды ма, интернетке тым көп уақытын жұмсамайды ма деген сияқты. Баламен бірге ойлап табылған қағидалар көмекке келеді.
- Бірінші кезекте балаға ұялы телефонның негізгі функцияларын көрсетіңіз. Мысалы, балаға телефонды қалай қосып, өшіру керек екенін, ұялы интернетпен қалай қолдану керегін немесе қауіпсіз Wi-Fi –ға қосылуды, байланыс нөмірлерін жазып сақтауды көрсетіңіз. Жеке ақпарат деген не екенін және интернетте жеке деректерді көп жариялай беруге болмайтындығы туралы айтып беріңіз, мысалы: қайда тұратынын немесе қазір қай жерде екенін, қай мектепте оқитынын, есептік деректері мен құпия сөздерді.
- Әуел бастан баланың цифрлық тәжірибесін ашық және байыппен талқылаңыз. Сізбен жақсы да жаман әсерлерімен бөлісе алатынын білген жағдайда, бала өзін қауіпсіз сезіне алады.
- Цифрлық әлемнің соңғы үрдістері мен қауіптерінен хабардар болыңыз және ол туралы балаға түсінікті етіп айтып беріңіз. Интернетте, сонымен қатар ЮНИСЕФ әлеуметтік желілерінде неғұрлым көбірек ақпарат іздеңіз, мысалы, кибербуллинг немесе цифрлық дағдылар туралы.
- Балаға не жарияласа да сол ақпарат интернетте мәңгіге қалатынын және оның келешегі мен мүмкіндіктеріне әсер етуі ықтимал екенін түсіндіріңіз.
- Жеке ақпарат деген не екенін және интернетте жеке деректерді көп жариялай беруге болмайтындығы туралы айтып беріңіз, мысалы: қайда тұратынын немесе қазір қай жерде екенін, қай мектепте оқитынын, есептік деректері мен құпия сөздерді.
- Жеке өзі танымайтын адамдардан дос болу туралы сұраныстар бағалануы және мейілінше қабылданбағаны жөн екенін түсіндіріңіз. Балалар келесіні анық түсіну керек: егер желіде бейтаныс адам баланың өзі немесе ата-анасы туралы ақпаратты барынша білуге тырысса, бұл кемінде алаңдататын жайт.
- Әуесқойлығын қолдаңыз, бірақ қандай жағдай болмасын, мін тақпаңыз және қорқытпаңыз. Егер балалармен олардың цифрлық тәжірибесін талқылап тұрсаңыз, өзіңіздің жеке тәжірибеңізбен бөліссеңіз, кеңестер берсеңіз және достық атмосферада ықтимал қауіптер туралы айтып отырсаңыз, осы жағдайда олар сізді одақтас көреді және интернетте күдікті бір нәрсеге кезіксе, көмекке сізге жүгінетін болады.
Балаға қандай негізгі қауіптер туралы айту қажет?
Қазіргі киберқылмыскерлер балаларды өзіне құрбан етіп жиі таңдайды, себебі олар киберқауіпсіздіктің негізгі ережелерін білмейді және алаяқтарды тани алмайды. Және біз, ересектер, келеңсіз жағдайлардың орын алуын күтпей, оларды интернет-қауіпсіздік негіздеріне үйретуіміз керек.
- Балаңызға жалған жарнаманы, жеке деректерді заңсыз жинау үшін пайдаланылатын алаяқтардың сауалнамаларын, лотереяға қатысу ұсыныстарын және басқа да схемаларды тануды үйретіңіз.
- Балада желідегінің барлығына сыни және абайлап қарау, күдікті сілтемені басу, электронды поштадағы күмәнді тіркемелерді ашу немесе бейтаныстардан алынған хабарламаны ашу алдында дұрыстап ойлану дағдыларын қалыптастырыңыз
- Балаларға бастысын жеткізу маңызды: егер желіде оған бірдеңе ұнамаса немесе күдікті болып көрінсе, өзі сенетін ересек адамнан көмек сұрау керек.
- Баланың гаджетіне қандай қосымшаларды жүктеуге рұқсат беретініңізді талқылаңыз. Мысалы, сіз TikTok қосымшасын жүктеп алуға рұқсат етуіңіз мүмкін, бірақ егер геолокация өшірулі болса және профиль жабық болса.
Интернеттегі онлайн сатып алулар: қаржылық қауіпсіздік туралы не айтуға болады?
«Электронды коммерция» санатындағы сайттар балалар ең жиі кіретін топ-5 интернет ресурстарға жатады. Оған мысалы, онлайн-дүкендерді жатқызуға болады. Бала желіде жұмсауы мүмкін ақшаға байланысты мәселелер ата-ананы толғандыруы заңды.
Балаларды электронды ақшаны дұрыс қолдануға үйрететін бірнеше ережелер келтіреміз:
- Жалпы ақша не екенін және электронды түрде ақша қандай болатынын айтып беріңіз.
- Ақша жұмсауға шектеу қойыңыз. Күніне қанша ақша жұмсауға болатынын есептеп, мысалы жол ақысы немесе мектептегі түскі ас, осыларды есептеп барып, қандай күндік шектеу белгілеу керегін шешіңіз.
- Баланың картасына бірден үлкен сома салмаңыз, одан да азғантай салыңыз және тұрақты аударымдармен толықтырып отырыңыз.
- Банк картасының деректері (нөмірі, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі мен әдетте картаның арғы бетінде жазылатын CVV/CVC-код) қатаң түрде құпия ақпарат болып табылатынын және оны ешкімге хабарлауға болмайтынын айтыңыз.
- Егер қоғамдық, құпия сөзсіз WI-FI желілері арқылы қосылған болса, мысалы көлікте, кафеде немесе кинотеатрларда, онлайн-банкингке кіру қауіпті екенін айтып түсіндіріңіз.
Сайттарда және ойындарда онлайн-сатып алу ережелері
- Тартымды ұсыныстарға сенбеуді, мысалы, егер платформа күдікті көрінсе, бұрын сіз байқамаған көптеген жарнама (баннерлер) және көрнекі элементтер пайда болса, парақшаның мекен-жайы шынайы парақшадан сәл өзгешелеу болса, ол туралы ескертсе және сізді барлығы дұрыс екеніне, солай болуы тиіс екеніне сендіргісі келсе. Онда сіз фишингтік сайтқа топ болуыңыз әбден мүмкін.
- Ешкімге де банк картасының деректерін және смс хабарламау пен push-хабарландырулардағы верификациялық құпия сөздерді айтпау.
- Хабарландырудағы сыртқы сілтемелер бойынша өтпеу.
- Әлі алмаған тауар үшін алдын ала төлем жасамау
Ойын әлемінде де сатып алулар жасауға мүмкіндік бар.
Ойындардың көбінде, тіпті тегін ойындардың өзінде ішкі сатып алулар болады. Қосымша опциялар үшін, мысалы, ойын құралдары, ойын персонаждарының сырт келбеті, ішкі қорлар, алайда әсте виртуалды емес ақшамен есептесуге тура келеді. Осылар туралы да баламен жиі сөйлемсіп тұру керек, барлығын қатарынан сатып алудың қажеті жоқ екенін және виртуалдық әлемдегі қандай да бір сатып алулар шынымен соншалықты қажет пе екенін талқылау керек.
- Құрылғыдан ондай сатып алулар жасау мүмкіндігін шектеңіз және банк картасын ойын аккаунтына байламаңыз, кемінде бала өз бетінше және саналы түрде ақшалай қаражатты пайдалануды үйренгенге дейін.
- Егер бала сіздің рұқсатыңызсыз сатып алған болса, банкке жүгіну арқылы транзакцияны жойып көріңіз, ойынды жасаушыларға хабарласып, кәмелетке толмаған бала ата-анасының қатысуынсыз және рұқсатысыз төлегенін түсіндіріңіз.
Балаңызға желідегі алаяқтық схемалар туралы айтып беріңіз
Алаяқтық схемалардың көбі бірінші жыл қолданылып жатқан жоқ және жалпыға мәлім. Балаға өзін қалай қорау қажет екенін және алаяқтардың әрекеттеріне ұқсайтын кез келген күдікті хабарламаны немесе орын алған жағдайда келесі алгоритмдерге сәйкестендіріп көруге болатынын үйретіңіз:
- Егер қате аударым жасалғаны және аударылған ақшаны қайтару туралы смс келсе, ондай жағдайда жәй ғана ешқандай әрекет жасамау қажет, тіпті ондай хабарлама баланың телефонындағы байланыстар тізімінен келген болса да.
- Егер онлайн-банктен банкоматтан ақша шешіліп алғаны туралы хабарлама немесе push-хабарлама келсе, ол жөнінде дереу ата-анаға хабарлау қажет.
- Егер қандай да бір әрекетті дереу орындауды өтінсе немесе ойлануға аз ғана уақыт берсе, ол алаяқтардың құрығы болуы әбден ықтимал.
- Егер хабарламада, тіпті танысыңыздан келген хабарлама болса да, шұғыл көмек сұралса, мысалы ақша аудар деп, үнемі алғашқы ақпарат көзінен ақпаратты тексеріп алу қажет, ол үшін пайдаланушыға қоңырау шалу қажет.
1 әлемдегі балалардың жағдайы, 2017 жыл: балалар цифрлық әлемде. ЮНИСЕФ, Нью-Йорк. https://www.unicef.org/sowc2017/
2 Қауіпсіз интернет күні. ЮНИСЕФ, Нью-Йорк, 6 ақпан 2018 ж https://www.unicef.org/media/media_102560.html
«Касперский зертханасы» - 1997 жылдан бастап ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық құпиялылық саласында жұмыс істейтін халықаралық компания. «Касперский зертханасы» технологиялары бүкіл әлем бойынша 400 миллионнан астам қолданушылар мен 220 мың корпоративті клиенттерді қорғайды. Компания сонымен қатар KasperskyOS микро ядролы операциялық жүйесіне негізделген және әдепкі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін гипериммундық шешімдер жасайды
*ЮНИСЕФ ешқандай компанияны, брендті, өнімді немесе қызметті насихаттамайды