Азаматтығы жоқ балалар: Ерболдың оқиғасы

Азаматтығы жоқ балалар: Ерболдың оқиғасы

ЮНИСЕФ
Children without citizenhsip
UNICEF/Kaliyev

07 Қараша 2018

Мемлекеттің көзінен тыс қалудың қандай екенін он жасар Ербол жақсы біледі. Өзінің қажетті құжаттары болмаған соң, Шымкентте туылған Ерболдың анасы баласына туу туралы куәлігін ала алмаған. Осылайша, Қазақстанда дүниеге келген Ербол өмірінің алғашқы күндерінен-ақ мемлекет қолдауынан құр қалған –  ол тегін медициналық көмек те, білім де ала алмайды. Өйткені, құжат жоқ болса, адам да жоқ.

«Қайта жолымыз болды, Ербол ауырған жоқ, емханаға барудың қажеті болмады. Бірақ, шындығында, ол осы жылдар бойы бірде-бір екпе алған жоқ. Туу туралы куәлігі мен ЖСН болмағасын, мектепке Ерболды қабылдамады», - дейді Ерболдың анасы. 

Ол анасымен және әпке-сіңілілерімен бірге 2002 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға көшіп келген. Ұлты қазақ Жәмилә оралман ретінде құжат рәсімдейтін болған, бірақ, ережелер мен заңдарды білмегендіктен, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құжаттарды бірден тапсырмаған. Ал орайы келгенде іс қиындап кеткен, оған қоса мәселені өз бетінше шешу үшін жеткілікті қаражаты болмаған. Азаматтық некеде туылған Жәмиләнің үлкен екі баласының туу туралы куәліктері бар, себебі, ол кезде оның өзбекстандық төлқұжаты жарамды еді. Ал, Ербол туылғанда төлқұжатының мерзімі өтіп кетіп, жаңасын ала алмаған.

Жаңа төлқұжатсыз ұлының туу туралы куәлігін ала алмайтынын білген Жәмилә құжаттарын реттеуді ниеттенеді. «Мен құжаттарды қалпына келтіру үшін көші-қон полициясына бардым, бірақ ондағылар маған құжаттарды уақытылы рәсімдемегенім үшін ұрсып тастады, айыппұл саламыз деп қорқытты. Тіпті заң бұзғаным үшін тұтқындай алатындарын да айтты. Мен жылап жібердім, қорыққанымнан ол жаққа баруды қойдым», - деп мойындайды келіншек.

Құжаттарының жоқтығынан келіншекке көп қиындықты бастан кешіруге тура келген, анықтама алудың өзі нағыз қияметке айналған. Ерболдың мектепке баратын уақыты келгенде Жәмилә тағы бір мәселеге тап болған – мектеп баланы тиісті құжаттарсыз қабылдамай қойған. Ол не істейтінін және кімнің көмегіне жүгінетінін білмегендіктен, ұлының оқуын келесі жылға қалдырған. Алайда, бір жылдан кейін де мектептің жауабы өзгере қоймаған.

Жәмилә қорқынышын жеңіп, көші-қон полициясына қайта баруға бел буған, ол жердегілер оған аудандық полиция бөліміне баруға кеңес берген. Полиция бөлімінде ол кездейсоқ «Сана Сезім» Әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚҰ қызметі туралы жазылған постерді көріп қалады. Қоғамдық ұйым 2016 жылдан бері азаматтығы жоқ тұлғаларға қолдау көрсету бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Сол жерден Жәмилә өмірлік қиын жағдайда қалған, азаматтығы жоқ немесе құжаттарын жоғалтып алған адамдар ұйымның көмегіне жүгіне алатынын білген. Қоғамдық ұйымның заңгері Жәмиләмен бірге ауруханаға барып, мұрағаттан Ерболдың туылғанын растайтын құжатты алып, туу туралы куәлік алуға көмектескен. Құжаттар дайындалып жатқанда білім басқармасының көмегімен бала мектепке орналастырылған. Сонымен қатар, ұйым Жәмиләға азаматтығы жоқ тұлға куәлігін алуға қажетті барлық құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.  

Қоғамдық ұйым өкілінің айтуынша, Ерболдың оқиғасы осындай жалғыз жайт емес. Қазір Ербол үшінші сыныпта оқиды, ал оның қатарластары болса, әлдеқашан бесінші сыныпта оқып жүр.

«Қатарластарыммен бірге оқығым келеді, өзімнен кіші балалармен оқитыныма ұяламын», - деп күрсіне мойындайды Ербол.

Алайда анасы оны жігерлендіріп, енді еш кедергісіз ғарышкер болу арманын жүзеге асыра алатынын айтады. Жәмилә ұлының ересектердің қателіктерінен азап шегіп жүргеніне ұялатынын қабырғасы қайыса отырып мойындады.

«Балалар көші-қонға қатысты мәртебесіне қарамастан мектепте оқуға құқылы. Тек бала мемлекет резиденті емес екені көрсетіледі», - дейді Шымкент қаласының Білім басқармасының өкілі. Бірақ, қоғамдық ұйым заңгерінің түсіндіруінше, ЖСН-сыз балаларды мектептердің барлығы қабылдамайтын болып шықты, шынымен де білім басқармасына бару керек, бірақ, бұл туралы ата-аналардың барлығы біле бермейді. Мектеп қабылдамай қойған соң, көбісі әрі қарай әрекеттенуді доғара салады. Оған қоса, электронды күнделік енгізілгеннен бері міндетті түрде баланың ЖСН-ін көрсету керек, ал құжатсыз балаларда ЖСН болмайды. Болашақта ЖСН-сіз балалар орта білім туралы аттестат ала алмайды, жоғары оқу орындарына түсе алмайды, ресми жұмысқа тұру кезінде қиындықтарға ұрынуы мүмкін.

Бала құқықтары туралы конвенция:  

7-бап

1. Бала туыла сала тіркеуге алынады және туылған сәттен бастап аты-жөні болуына және азаматтық алуға құқылы, сонымен қатар, мүмкін болса, ата-анасының кім екенін білуге және олардың тарапынан қамқорлық көрсетілуіне құқылы.

2. Мүше мемлекеттер осы құқықтардың жүзеге асырылуын өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз міндеттемелерін осы саладағы тиісті халықаралық құжаттарға сәйкес орындауын, атап айтқанда, егер бала басқа жолмен азаматтық ала алмайтын жағдайларда қамтамасыз етеді.

8-бап

1. Мүше мемлекеттер баланың өз даралығын, соның ішінде, азаматтығын, аты-жөнін және отбасылық байланыстарын заңмен қарастырылғандай, заңсыз араласуға жол бермей сақтап қалу құқығын құрметтеуге міндеттеледі.

2. Егер бала осындай даралығының бір немесе барлық құрамдас бөліктерінен заңсыз айырылып қалса, мүше мемлекеттер оған сол даралығын мейлінше тез арада қалпына келтіру үшін қажетті көмекпен және қорғаумен қамтамасыз етеді.

БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен балаларды көші-қон барысында қорғау бағдарламасын жүзеге асырады. Мақсаты – көші-қон барысында балаларға қолдау көрсету тетіктерін нығайту және балалардың құқықтарын қорғау.

Негізгі жұмыс бағыттары:

  • көші-қон барысында қорғау тәртібін және әлеуметтік сүйемелдеу қағидаларын (кейс менеджментті) баланың ең игі мүдделерін ескере отырып және оның өз отбасымен қауышуы үшін жетілдіру;
  • әлеуметтік қызметкерлерді, құқық қорғау органдарының және көші-қон қызметтерінің қызметкерлерін оқыту бадарламаларын жетілдіру;
  • ұлттық заңнамалық базаны және статистикалық мәліметтерді нығайту.

Балаларды көші-қон барысында қорғау бағдарламасы практик мамандарға көші-қон барысында ұрымтал балалардың жағдайына қатысты уақытылы шара қолдануға мүмкіндік береді және көрсетілетін психоәлеуметтік қолдаудың және тууды тіркеудің сапасын арттырады, денсаулық сақтау және білім алу қызметтеріне уақытылы қол жеткізуді жөнге салады.

2016 жылдың желтоқсанында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (БҰҰ БЖКБ) және ЮНИСЕФ әр баланың азаматтық алу құқығына қатысты мәселе бойынша Жаһандық коалицияның негізін қалады. Коалиция мақсаты – азаматтығы жоқ балалардың мәселелері туралы қоғам хабардарлығын арттыру үшін, сонымен бірге, әр баланың азаматық алу құқығын ілгері бастыру үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту.