Қазақстандық стартап Орталық Азиядағы алғашқы жаһандық цифрлық қоғамдық игілік ретінде танылды

ЮНИСЕФ пен Astana Hub бірлескен жобасы БҰҰ-ның ашық цифрлық қоғамдық игіліктерінің эксклюзивті тізіміне қосылды

29 Сәуір 2022
UNICEF Kazakhstan/2022/Galina Sorokina
UNICEF Kazakhstan/2022/Galina Sorokina

НҰР-СҰЛТАН, 2022 жылғы 29 сәуір - бүгін Аstana Нub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында Demo Day шеңберінде бастауыш және орта сынып мұғалімдеріне арналған онлайн-білім беру бағдарламасы және Тұрақты Даму Мақсаттарына қол жеткізу үшін білім мен инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал ететін табысты стартап-жобалар ұсынылды.

Жобалардың бірі қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қоғамдық объектілердің қолжетімділігін көрсететін Astana Hub акселераторының қатысушысы «Қолжетімді Қазақстан» сайты мен қосымшасы болды. Әлемге танымал цифрлық қоғамдық игілік 2015 жылы «Тandau Foundation» қоғамдық қорының командасы «Қолжетімді Павлодар» атты жобаны бастаған кезде пайда болды. Нәтижесінде Павлодар тұрғындарында нысанды шерту арқылы оның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екендігін көрсететін арнайы карта пайда болды. 2016 жылы бастама бүкіл Павлодар облысын қамтыды. Ал келесі жылы жобаға Алматы облысы қосылып, бұл жоба «Қолжетімді Қазақстанға» айналды. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Astana Hub қолдауымен бүгінгі күні жоба бүкіл ел бойынша 15 қоғамдық ұйым мен 500 еріктіні біріктіреді, ал https://doskaz.kz/ картасында Қазақстанның 22 қаласындағы 21 737 орынның қолжетімділігі бойынша ақпарат көрсетілген.

Картаны пайдаланушылар қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға (мүгедектігі бар адамдар, арбадағы кішкентай балалары бар ата-аналар, қарттар, жүкті әйелдер, уақытша жарақаттанған адамдар, 7 жасқа дейінгі балалар) арналған сервисті пайдалану арқылы барынша қолжетімді және қауіпсіз бағытты жоспарлай алады, сондай-ақ таңдалған нысанға бару қаншалықты қолжетімді және қауіпсіз екендігін біле алады.

«Қолжетімді Қазақстан» БҰҰ мақұлдаған Цифрлық қоғамдық игіліктер Альянсының (Digital Public Goods – DPG) тексеруінен өтті және бүкіл әлемге қол жетімді жаһандық тізімге қосылды. DPG ретінде танылу жаһандық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін ашық жобалардың көрінуін және танымалдылығын арттырады. DPG болу үшін барлық жобалар DPG стандартына сәйкес келуі керек, бұл олардың ашық бастапқы код принциптерін ұстанатындығына кепілдік береді. Тізім «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді, яғни ашық цифрлық технологияларға - қосымшаларға, деректерді визуалдау құралдарына, білім беру бағдарламаларына Тұрақты Даму Мақсаттарына тез қол жеткізу үшін тегін бейімдеу және пайдалану жөніндегі ең аз талаптармен қолдану мүмкіндіктерін береді.

«Біз Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қоғамдық игілік – Қазақстанның жобасы болғанына өте қуаныштымыз. «Қолжетімді Қазақстан» аса маңызды мақсатты көздейді, яғни қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге қарамастан, барлығы үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету. Жоба объектілерді картаға түсіріп қана қоймай, сонымен қатар пікірлестердің үлкен тобын біріктіреді және балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және қауіпсіз ортаны қамтамыз етуді алға жылжытады. Кез келген ұйым «Tandau Foundation» - ға жүгініп, өз объектісінде қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылымды қалай құру туралы қажетті кеңес ала алады», - деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл.

ЮНИСЕФ пен Astana Hub-тың тағы бір бірлескен жобасы https://okoo.kz платформасында іске қосылған инклюзивті аралас білім беру бойынша мұғалімдерге арналған онлайн-курс. ЮНИСЕФ пен Astana Hub 2021 жылы жүргізген сауалнамаға сәйкес, сұралған он мұғалімнің тек төртеуі (40%) инклюзивті білім беру бойынша жалпы түсінікке ие. Бұл ретте сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің басым көпшілігі (73%) инклюзивті білім беру туралы өз сауаттылықтарын арттырғылары келетінін мәлімдеді. Кем дегенде, әрбір бесінші (27%) мұғалім қашықтықтан оқытуда қолданылатын бағдарламалар мен қосымшалардың мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін білімі мен дағдылары жеткіліксіз деп санайды. Инклюзивті және аралас білім беру саласындағы мұғалімдердің білімі мен дағдыларын арттыру үшін ЮНИСЕФ Astana Hub-пен бірлесіп цифрлық инклюзивті білім беру курсын өткізіп, Қазақстанның 11 өңірінен 11 мыңнан астам мұғалімді оқытып шығарды. Курс барысында мұғалімдер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анықтау әдістері бойынша білімдерін молайтып, мектепте инклюзивті орта құрудың жаңа әдістері, эмпатия дағдылары және онлайн-оқыту құралдарымен жұмыс істеу туралы білім алды. Қазіргі уақытта онлайн-курс мұғалімдер үшін https://okoo.kz/ сайтында қолжетімді.

"Бүгінгі таңда IT-технологияларды пайдалану ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, оқыту процесін интерактивті, жарқын, қызықты, яғни сапалы етеді. 2021 жылдың желтоқсанында Astana Hub пен ЮНИСЕФ Қазақстанда мұғалімдерді оқыту бағдарламасын іске қосты және біз алғашқы нәтижелерді жариялауға дайынбыз. Біз үшін бүкіл елдегі мұғалімдер бір жағынан қарапайым және қолдануға ыңғайлы, ал екінші жағынан балаларды шынымен қызықтыруға көмектесетін оқыту құралдарын қолдануды үйренуі өте маңызды. Біздің ойымызша, заманауи технологиялар оқытудың барлық қатысушыларына процесті жеңілдетіп қолданылуы тиіс", - деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

 

Редакторларға арналған ескертпелер

Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы (Digital public Goods Alliance) - бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мақұлдаған және цифрлық қоғамдық игіліктерді ашуға, әзірлеуге, пайдалануға және инвестициялауға жәрдемдесу арқылы табысы төмен және орта деңгейдегі елдерде тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуді жеделдетуге бағытталған көпжақты бастама.

Цифрлық қоғамдық игіліктер стандарты (DPG Standard) - бұл БҰҰ Бас хатшысының 2020 жылғы цифрлық ынтымақтастық Жол картасында көрсетілген цифрлық қоғамдық игіліктер анықтамасына сәйкестігіне қатысты максималды консенсусқа қол жеткізу үшін жасалған ерекшеліктер мен нұсқаулықтардың жиынтығы.

Цифрлық қоғамдық тауарлар Альянсы туралы қосымша ақпарат алу үшін мына электронды мекен-жайға жүгініңіз hello@digitalpublicgoods.net.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.