ЮНИСЕФ пен «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» РҚБ Қазақстанның үш өңірінде мектептегі тамақтануды бағалау бойынша зерттеу қорытындысын шығарды

10 ақпан 2023
School canteen in Almaty
UNICEF Kazakhstan

АСТАНА, 2023 ж. 10 ақпан - ЮНИСЕФ және «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» РҚБ (ҰСТО) Шымкент қаласы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының мектептерінде мектептегі тамақтануды бағалау бойынша зерттеуді аяқтады.

Зерттеу 2022 жылғы қыркүйек - 2023 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен жүргізілді.

Бағалау мектептегі тамақтануды ұйымдастыру жүйесі, мектептегі тамақтану тәжірибесінің мықты және әлсіз жақтары туралы көбірек ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Зерттеу барысында қолданыстағы заңнамаға, мектептегі тамақтану саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге, Қазақстандағы мектеп жасындағы балалардың денсаулық жағдайына талдау жүргізілді.

Талдау көрсеткендей, ел халқының азық-түлік пен энергияға деген қажеттіліктерінің нормалары халықаралық деңгейге сәйкес келмейді және қайта қарауды және өзектендіруді қажет етеді.

Қазақстандық нормативтерде қант пен тұзды тұтыну нормалары кейбір жағдайларда халықаралық ұсынылатын нормалардан асып түседі.

Мектептегі тамақтануды реттейтін көптеген нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру және үйлестіру қажет, олардың саны 12 НҚА жетеді.

Бағалау кезінде балалар мен мектеп асханаларының қызметкерлеріне, ата-аналарымен бірге фокус-топтарға сауалнама жүргізілді, мектеп мәзірі олардың құрамындағы ақуыздар, майлар, көмірсулар, микро/макронутриенттер, дәрумендер мен калорийлердің құрамы бойынша заттектер мен энергияға физиологиялық қажеттіліктің халықаралық және қазақстандық нормаларына сәйкестігі зерттелді.

Балалар арасында жүргізілген  сауалнамаға сәйкес, қазіргі мектеп мәзірі мен ұсынылған тағам балалардың 59%-на ұнайды, қалған оқушылардың 21%-ы тамақты ұнатпайды, ал 20%-ы мектеп асханасында мүлдем тамақ ішпейді.  

Сауалнамаға қатысқан оқушылардың жартысы (50%) ғана тұздың зияны туралы біледі, қалған 20%-ы тұз пайдалы деп жауап берді, ал 30%-ы- жауапты білмейді.   

Жалпы алғанда, зерттелген мектептерде 6-17 жастағы барлық балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы 18% құрады, оның 12%-ында артық салмақ бар және 6%-ында семіздік байқалады. Ұлдар (21%)  қыздарға (16%) қарағанда артық салмақ пен семіздікке бейім болатыны анықталды. 

Ата-аналар мен балалар мектептегі тегін тамақпен қамтамасыз етуге оң көзқараспен қарайды, бірақ тағам түрлерін кеңейтіп, жемістердің саны мен алуан түрлілігін арттырғанды қалайды.

Зерттеу қорытындысы бойынша мектепте тамақтануды ұйымдастыруды жақсарту мақсатында негізгі ұсынымдар әзірленді. Ұсынымдар тиісті министрліктермен консультациялар өткізілгеннен кейін жарияланатын болады.

Медиа байланыс

Дамир Кобжасаров
Атқарушы директор
«Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» РҚБ (ҰСТО)
Тел: +77053113450

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.