ЮНИСЕФ: Еуропада және Орталық Азияда аптап ыстықтан жыл сайын шамамен 400 бала көз жұмады
Жаңа аналитикалық құжатта аптап ыстық тудыратын стресстің денсаулыққа тигізетін әсеріне ерекше ұрымтал жас балаларды қорғауды қамтамасыз ету бойынша үкіметтерге арналған алты ұсыныс баяндалған
ЖЕНЕВА, 24 шілде 2024 жыл. ЮНИСЕФ бүгін жариялаған 23 елден алынған мәліметтерге жасалған жаңа талдауға сәйкес 2021 жылы Еуропада және Орталық Азияда ауа температурасының көтерілуі 377 баланың өліміне себепші болған.
«Аптап ыстықты жеңу: Еуропадағы және Орталық Азиядағы аптап ыстық толқындары кезіндегі балалардың денсаулығы» атты аналитикалық құжатта осындай жағдайлардың жартысында балалар өмірінің алғашқы жылында аптап ыстыққа байланысты аурулардан қайтыс болған деген қорытынды келтірілген. Балалардың көпшілігі жаз айларында ажал құшқан.
«Еуропадағы және Орталық Азиядағы балалардың жартысына жуығы немесе 92 миллион бала жиі орнайтын аптап ыстық ауа райының әсеріне ұшырап жатыр, ал аталған аймақтағы температура дүние жүзінде ең жылдам қарқынмен көтеріліп жатыр. Барған сайын жоғарылап бара жатқан температураның әсері, тіпті қысқа уақыт аралығында болса да, балалардың, әсіресе ең кішкентай балалардың денсаулығына ауыр нұқсан келтіруі мүмкін. Медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай нұқсан өмірге қауіп төндіруі мүмкін», — деп атап өтті Реджина Де Доминичис, Еуропа және Орталық Азия бойынша Аймақтық ЮНИСЕФ Директоры.
Жоғары температураның әсері тіпті жатыр ішінде де балаларға қатты әсер етеді, соның нәтижесінде мерзімінен бұрын босануға, туу кезінде салмақтың төмен болуына, өлі тууға және туа біткен ауытқуларға әкелуі мүмкін. Аптап ыстық тудыратын стресс нәрестелер өлімінің тікелей себебі болып табылады, баланың өсуіне теріс әсер етуі мүмкін және балаларда болатын бірқатар ауруларға жол ашуы ықтимал. Құжатта сондай-ақ аптап ыстық аймақтағы балалар мен жасөспірімдердің 32 мың жылдан астам салауатты өмірді жоғалтуына әкелгені атап өтілген.
Ауа температурасы күн санап көтеріліп жатқанына байланысты ЮНИСЕФ Еуропа мен Орталық Азия елдерінің үкіметтерін:
- Шектен тыс аптап ыстықтың әсерін азайту стратегияларын, соның ішінде ұлттық деңгейде айқындалатын үлестердің (ҰДАҮ), ұлттық бейімделу жоспарларының (ҰБЖ), сонымен қатар табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою стратегияларының көмегімен балаларға ерекше көңіл бөле отырып қолданысқа енгізуді қамтамасыз етуге үндейді.
- Балалардың аптап ыстыққа байланысты сырқаттарына жасалатын емдік шараларда тиімдірек қолдау көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында аптап ыстық кезінде денсаулықты қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарларына және алғашқы медициналық көмек көрсетуге инвестиция құюға үндейді.
- Ерте ескерту жүйелеріне, соның ішінде аптап ыстық туралы ескерту жүйелеріне инвестиция құюға үндейді.
- Балалар ойнайтын жерлерде температураны төмендету үшін білім мекемелерінің орын-жайларын қайтадан тиісінше жабдықтауға, сонымен бірге мұғалімдерді аптап ыстық тудыратын стресспен күресуге үйретуге үндейді.
- Қалалық дизайн мен инфрақұрылымды бейімдеуге, соның ішінде жоғары температуралардың әсерін барынша азайту үшін ғимараттардың, әсіресе халықтың ең осал топтары тұратын ғимараттардың тиісінше жабдықталуын қамтамасыз етуге үндейді.
- Қауіпсіз сумен, әсіресе судың сапасы мен қолжетімділігі төмендеп жатқан елдерде қамтамасыз етуге үндейді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірге патронаж мейірбикелерін ата-аналар мен тәрбиешілерге баланың денсаулығы мен хал-жағдайына әсер ететін аптап ыстық толқындардың қауіпті белгілерін анықтауға және ыстық тудыратын стресске қарсы тиісті шара қолдануға көмектесетін қажетті дағдылармен, біліммен және ақпараттық құралдармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі аптап ыстық толқындары және оларға төзімділік туралы арнайы модульді әзірлеуге және патронаж мейірбикелерін оқыту бағдарламасына енгізуге қолдау көрсетіп жатыр.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.