Еуропа мен Орталық Азияда ауаның ластануына байланысты себептерден апта сайын 90-нан астам нәресте қайтыс болады

ЮНИСЕФ үкіметтерге ДДҰ-ның ауа сапасы бойынша Ұсыныстарына сәйкес келетін ауа сапасы стандарттарын қабылдауды ұсынады, өйткені ауаның ластануы қазіргі уақытта өңірдегі балалар өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылады

05 Қыркүйек 2023
Ребенок под кислородной маской
UNICEF/UN0509907/Osipova

ЖЕНЕВА, 2023 ж. 5 қыркүйек – 2019 жылы Еуропа мен Орталық Азия өңірінде ауаның ластануына байланысты 5,800-ден астам балалар мен жасөспірімдер қайтыс болды. Қазақстанда дәл сол жылы 199 бала мен жасөспірім ұқсас себептерден қайтыс болды. Бүгін ЮНИСЕФ жариялаған аналитикалық жазбада ұсынылған жаңа деректерді талдауға сәйкес, олардың басым көпшілігі – 88 пайызы – бір жасқа да толмаған екен.

«Ауаның ластануы кезінде ең ауыр ауыртпалық кішкентай балалардың өкпесіне түседі: бұл балалардың денсаулығы мен дамуына үлкен зиян келтіреді, кейде олардың өмірін қияды», – деді ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Реджина де Доминичис.

«Ауаның ластану деңгейін және балаларға улы заттардың әсерін азайту балалар мен олардың қоғамдарының денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін өте маңызды, бұл денсаулық сақтау шығындарын азайтуға, оқу сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруға және барлығына қауіпсіз, таза қоршаған ортаны құруға әкеледі».

«Тұншығып жатқан балалық шақ: Еуропа мен Орталық Азиядағы балаларға Ауаның ластануының алаңдатарлық белгілері» баяндамасында, ластанған ауаның әсеріне ұшырайтын балалар өз денсаулығына қатысты елеулі проблемалардың, соның ішінде пневмония сияқты өткір респираторлық аурулардың туындауының жоғары қаупіне тап болатыны атап өтілген, бұл әсіресе нәрестелер мен жас балалар үшін қауіпті.

Ластанған ауаны ішке тарту балалардың өкпесіне ұзақ уақыт бойы нұқсан келтіріп, демікпенің даму қаупінің жоғарылауына және созылмалы респираторлық және жүрек-қан тамырлары ауруларының, сондай-ақ қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі. Аналитикалық жазбада айтылғандай, ауаның ластануы балаларда мидың ерте зақымдануы нәтижесінде есейген шақтағы неврологиялық бұзылуларға әкелуі мүмкін.

Физикалық ерекшеліктеріне байланысты, балалар ересектерге қарағанда ауаның ластануына көбірек ұшырайды, өйткені олар екі есе жылдам тыныс алады және көбінесе ластаушы заттардың көп мөлшерін ішке тартып, аузымен тыныс алады. Балалар көбінесе ластаушы заттар жиналатын жерге жақын болады. Аналитикалық жазбада, балалар ересектерге қарағанда ауаның ластануына физиологиялық тұрғыдан төтеп бере алмайтыны атап өтілген, өйткені олардың миы, өкпесі және басқа мүшелері қарқынды даму кезеңінде қабыну мен зақымдануға бейім.

Еуропа мен Орталық Азияда ауаның ластануы – РМ2,5 және РМ10 бөлшектері – негізінен, тұрмыстық және коммерциялық себептерге, соның ішінде жылыту және тамақ дайындау үшін көмір мен басқа да қазба отындарын пайдалануға байланысты болып келеді.

Ауа сапасының одан әрі нашарлауын болдырмау мақсатында, ЮНИСЕФ үкіметтерді барлық секторларда экологиялық таза, тиімді энергия көздері мен көлік түрлерін пайдалануға көшуді жеделдету үшін саясат пен инвестициялардың тиімділігін арттыруға шақырады. Ұсынылып отырған шешімдердің қатарына: энергия тиімділігіне жәрдемдесу және экологиялық таза энергияға қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, балаларды қарап-тексеру және ауаның ластануымен байланысты ауруларды анықтау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы мамандарды даярлау жөніндегі шаралар, сондай-ақ ұлттық және муниципалды деңгейде ауаның ластану көрсеткіштерін төмендету саласындағы жоспарлардың ауқымын кеңейту және оларды жүзеге асыру қарқынын жеделдету жөніндегі шаралар кіреді.

Қазақстанда ЮНИСЕФ ұйымы Үкіметпен, азаматтық қоғаммен және бизнеспен ауа сапасының мониторингін қолдау, жастарды оқыту және олардың мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ оларға өз қоғамдастықтарындағы ауа сапасы мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіру және балалармен өз білімдерін бөлісу үшін платформа ұсыну үшін жұмыс істейді.

Балаларды зиянды әсерден қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, ЮНИСЕФ ұйымы үкіметтерді балабақшалар мен мектептер маңындағы ауа сапасын мониторингтеу жүйелерін құруға және қолдауға, сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдер үшін қауіпті ауаның ластану деңгейін атап өтіп, жұртшылыққа ақпарат беруге шақырады.

ЮНИСЕФ ұйымы Еуропа мен Орталық Азия елдерінде ауаның ластануының таралуы мен әсері туралы деректерді жинаумен айналысады, сондай-ақ балаларды ластанған ауаның кейінгі әсерінен қорғауға бағытталған шешімдерді әзірлеуге және енгізуге де көмектеседі.

#####

Медиа байланыс

Джорджина Дайалло
Коммуникациялар менеджері
ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бөлімшесі
Тел: +41 76 320 68 14

Өңірлік бағалаулар 2019 жылғы Аурулардың жаһандық ауыртпалығы туралы деректердің жаңа талдауына негізделген. ЮНИСЕФ осы жылдың соңында жаңа жаһандық деректерді жариялайды.

ЮНИСЕФ ұйымы Еуропалық комиссияның ауа сапасының жаңа аса қатаң стандарттарын енгізу туралы ұсынысын құптайды және Еуропалық парламент мүшелерін 2030 жылға қарай ДДҰ-ның ауа сапасы жөніндегі Ұсыныстарына толық сәйкес келетін стандарттары бар құжатты қабылдауға шақырады.

ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ ұйымы әлемдегі ең аз қамтылған балаларды қамту үшін өте қиын күрделі жұмыс істейді. Біз өз қызметімізді әр баланың игілігі үшін, әлемнің түкпір-түкпірінде, 190 ел мен аумақта жүзеге асырамыз, оны барлығы үшін жақсартуға тырысамыз.

ЮНИСЕФ ұйымы мен оның қызметі туралы қосымша ақпаратпен мына сайттан танысуға болады: www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.