Барлық балалар үшін тең мүмкіндіктер: білім беруде әлеуметтік теңдікке қалай жетуге болады

Геймификация, наноспутниктер және онлайн-педагогика – ХАТУ мен ЮНИСЕФ білімге қолжетімділікті арттыру үшін күштерін біріктіреді

13 Сәуір 2023
Парень в очках ВР
UNICEF

АЛМАТЫ, 13 сәуір 2023 жыл– Бүгін «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ (ХАТУ) алаңында білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге және ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оның сапасын арттыруға арналған ЮНИСЕФ Күні өткізілді.

Іс-шара аясында қазақстандық бес жоғары оқу орнының өкілдері БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлескен жобалары туралы айтып берді.

STEM-білім берудің артықшылықтары туралы PhD докторы, Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев айтып берді. Үшінші жыл қатарынан ҚазҰУ ЮНИСЕФ-пен бірлесіп қазақстандық қыздарды мамандық таңдау мәселелерінде гендерлік стереотиптерді еңсеру үшін наноспутниктерді әзірлеу және ұшыруға үйрету бойынша UniSat инновациялық білім беру жобасын іске асыруда. Бүгінгі таңда бағдарламадан 3000-нан астам қыз өтті, сәулелену, қысым, гравитация, жарық пен газ құрамы және одан кейінгі талдау туралы деректер жинау үшін стратосфераға 7 наноспутник ұшырылды.

Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) Gamelab бейне ойындарын әзірлеу және зерттеу зертханасының жетекшісі Александра Кнышева білім беруде геймификация және бейне ойындар тәсілін қолдану туралы ақпаратпен бөлісті. Биылғы жылы дәл осы ҚБТУ-мен ЮНИСЕФ UniSat бағдарламасының офлайн-компонентін геймификациялайды және еліміздің шалғай өңірлерінен келген қазақстандық оқушыларға арналған бағдарлама бойынша оқуға қолжетімділікті кеңейтеді. 

Сәтбаев университеті Автоматика және ақпараттық технологиялар институты директорының орынбасары Айжан Қасымова мүгедектігі бар балалардың онлайн-оқуға шектеулі қолжетімділігі мәселесінің шешімі ретінде онлайн-педагогиканы дамыту тәжірибесін ұсынды.

ХАТУ тілдер кафедрасының меңгерушісі Манапбаева Жаннұр көші-қон процесстерінде бастауыш және орта мектепте оқитын балаларға арналған жобаны іске асыру туралы айтып берді. Жоба Akelius халықаралық платформасында арнайы әзірленген курсты пайдалана отырып, сауаттылықты арттыруға және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған. Жалпы, жаңа цифрлық технологиялар мен аралас оқыту форматтарын қолдана отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту процесіне тарту ХАТУ мен ЮНИСЕФ ынтымақтастығының негізгі бағыты болып табылады.  

Назарбаев Университеті Инновациялық кластерінің (NURIS) техникалық директоры Болат Сұлтанғазин білім беру саласына цифрлық өнімдерді енгізу тақырыбын жалғастыра отырып, ЮНИСЕФ-пен ашық бастапқы коды бар жаңа IT өнімдерді әзірлеу және жасау үшін инвестициялауды қолдау бойынша бірлескен жобаны ұсынды. Қазақстандық әзірлеушілер мен стартаптар жасаған мұндай өнімдер БҰҰ Бас хатшысы мақұлдаған Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсының жаһандық стандарттарына сәйкес келетін болады.

Конференцияда онлайн-оқыту жағдайында аз қамтылған отбасылардағы балаларға білім берудің қолжетімділігіне COVID-19 пандемиясының әсеріне ерекше назар аударылды.         

«COVID-19 пандемиясы онлайн-оқыту жағдайында білім алуға ауқатты отбасыдан шыққан балалардың аз қамтылған отбасылардың балаларына қарағанда көбірек мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Біздің міндетіміз - инновациялық тәсілдер мен цифрлық құралдарды қолдану арқылы бұл теңсіздікті жою. Әрбір бала әлеуметтік жағдайына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыру үшін білімге тең қолжетімділікке ие болуы тиіс», - деп түсіндірді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизен.

«Біз білім берудің қолжетімділігін және сонымен бірге цифрлық интернет-технологиялар мен ресурстарды қауіпсіз және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін ЮНИСЕФ-пен ынтымақтасуға қуаныштымыз. Инклюзивті аралас оқыту уақыты енді алыс емес, бұл біздің күнделікті шындығымыз, және де үздік халықаралық стандарттарды қолдана отырып, әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің қолымыздан келеді», - деп белгілеп өтті ХАТУ жаһандық серіктестік және қосымша білім беру жөніндегі проректоры, PhD Евгения Дайнеко.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.

Біздің Instagram, Facebook және Twitter желілеріндегі парақшаларымызға жазылыңыздар. 

 

ХАТУ ТУРАЛЫ

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті 2009 жылы құрылды, дамуының 14 жылында ХАТУ еліміздің үздік техникалық жоғары оқу орындарының рейтингіне орнықты түрде кіре алды. Университет білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін үнемі жұмыс жасайды, профессор-оқытушылар құрамының жоғары әлеуетін қамтамасыз етеді. ЖОО-ның заманауи инфрақұрылымы, білім беру бағдарламаларын жетекші халықаралық жоо-лармен үйлестіру білім алушылар контингентінің қарқынды өсуіне ықпал етеді. Қазіргі уақытта ХАТУ-да бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша 5000-нан астам студент оқиды.