Балалар жарақаттанушылығының алдын алу
Балалар өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды, сондықтан, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру маңызды

Мәселе
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметтері бойынша 2017 жылы Қазақстанда тысқары себептерден 1283 бала қайтыс болған, олардың 801-і – ұл балалар және 482-сі - қыз балалар. Жарақаттанудың ең кең таралған себептерінің бірі болып жол апаттары, құлау, суға бату және күйіп қалу табылады. 449 бала күйіктен/өрттен қаза болған, бұл ретте, 15 жасқа дейінгі балаларға басқаларынан көбірек қауіп төнетіні айтылады. Оған қоса, 27 702 бала жарақат алу салдарынан стационарда емделген.
Балалардың жарақаттанушылығы Қазақстан үшін ғана емес, әлемдегі көптеген елдер үшін де әлеуметтік мәселелердің бір болып саналады. Бұған алынған жарақаттардан балалар арасындағы өлім-жітім деңгейінің жоғары болуы куә. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және ЮНИСЕФ-тің балалар жарақаттанушылығының алдын алу және бағалау туралы дүниежүзілік баяндамасына сәйкес жыл сайын әлемде 830 000 бала өлім құшады, ал ондаған миллионы жарақат салдарынан мүгедектігі бар тұлғаларға айналады.
2018 жылы ЮНИСЕФ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің Ақпараттық-талдау орталығымен ынтымақтастықта 0-14 жас аралығындағы балалардың ата-аналары мен қамқоршылары арасында балалардың абайсызда жарақаттануына қатысты білім, қарым-қатынас және тәжірибе мәселелері бойынша сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ата-аналардың тек 15,7%-ның ғана үйінде түтін датчиктері бар, бар-жоғы 38%-ы ғана алғашқы көмек көрсету дәрістерін алған, ал ата-аналардың 30%-ы көлік жүргізгенде ұялы телефонмен сөйлеседі екен. Ата-аналарды қатты мазалайтын жарақат алу ықтималдығы жоғары орындар мен себептер арасында аулаларда жарақаттану, асүй, тұрмыстық және электр құралдарымен байланысты жарақаттар, жол апаттарында жарақаттану аталды. Өкінішке орай, Қазақстанда 0-0 жас аралығындағы балалар орта есеппен алғанда 10 минутқа, 1-2 жасар балалар 16 минутқа, 2-3 жасар балалар 33 минутқа және 3-4 жасар балалар 41 минутқа қараусыз қалдырылады екен.
Urban Forum Kazakhstan және ЮНИСЕФ дайындаған «Қаладағы балалар: Алматының балаларға мейірімділігін зерттеу» есебінің мәліметтеріне сәйкес 11-17 жасар жасөспірімдердің ата-аналарының 52%-ы басты қауіп көзі деп көлік құралдарын және жол қозғалысын санайды екен (2018 жыл).
Шешімдер
ЮНИСЕФ-тің балалар жарақаттанушылығының алдын алу бағдарламасы денсаулық сақтау, білім, төтенше жағдайдардың алдын алу және жою, ішкі істер секторларының ведомствоаралық ынтымақтастығы арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарлама балалар жарақаттанушылығына мониторинг жүргізу жүйесін халықаралық стандарттармен сәйкестікке келтіруге бағытталған. Тағы бір мақсат – балалардың жарақаттануының тереңірек себептерін түсіну, ең жиі жарақаттанатын орындарды табу және ең осал балалар топтарын анықтау. Бұл саяси және заңнамалық шараларды жоспарлауды жақсартуға және алдын алу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
2018 жылы ЮНИСЕФ Қазақстандағы балалар жарақаттанушылығына қатысты жағдайға талдау жасады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау минитсрлігінің Электронды денсаулық сақтау орталығымен серіктестікте көрсеткіштерді жас-жыныс бойынша толығырақ бөлу және жарақаттану себептері мен орындарын қосу арқылы балалар жарақаттанушылығына мониторинг жүргізу жүйесі жетілдірілді. ЮНИСЕФ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің Ақпараттық-талдау орталығымен ынтымақтастықта балалардың жарақаттануына қатысты білім, қарым-қатынас және тәжірибе мәселелері бойынша зерттеу жүргізді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру республикалық орталығымен бірге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне және ұстаздарына, балалар мен ата-аналарға арналған ресурстар жасалды, әрі Алматы мектептерінде дәрістер өткізілді.