Балалардың апаттарға төзімділігі
Қазақстан аумағының 75%-да құйын, көшкін, сел, топан су, індет, төтенше температуралар, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғат апаттары орын алу қаупі жоғары болып келеді.

Мәселе
Қазақстанда жыл сайын 3-4 мың төтенше жағдай орын алып, 3-5 мың адам зардап шегеді, ондаған адам ажал құшады, 16 миллиард теңге шығын келеді. Жер сілкінісі сияқты геофизикалық құбылыстар тұрақты сипатқа ие екені мәлім. Алайда, климаттың өзгеруі жағдайды қиындатады: бәрінен жиі су тасқыны, дауыл, құрғақшылық болып тұрады, ресурс түрлерінің басым көпшілігі жетіспейтіні байқалады: азық-түлік, су. Апаттар бәрінен де ұрымтал азаматтарға ауыр тиеді, бұл ретте, балалар әдетте зардап шеккен халықтың 50%-ын құрайды. Балалар құқықтарына нұқсан келтірілуінен, отбасынан ажырап қалудан, қызметтерге қол жеткізу кезінде туындайтын қиындықтардан азап шегеді.
2017 жылы Қазақстанда тысқары себептерден 1283 бала қайтыс болды, соның ішінде 449 бала күйіктен және өрттен қаза тапты.
Қазақстан Республикасына әзірге ешбір мемлекеттік және қандай да бір басқа мекемеде сейсмикалық қауіпсіздік тұрғысынан мектеп ғимараттарының үлгілік жобалық шешімдерінің дерекқоры, шолулары және талдаудары жоқ. Мектептердің апаттылығына және құрылымдық қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу үшін мектеп ғимараттарының жобалық құжаттамасының бірыңғай мұрағаттық дерекқоры қажет. Не болмаса, осындай ақпаратпен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұлттық білім беру дерекқорын (ҰББД) толықтыруға болады. Онда түрлі сипаттамалар, соның ішінде, апатты мектептер бойынша бірнеше ақпараттық үлгілер бар, бірақ, қазірше оларда жоғарыда аталған мәліметтер жоқ.
Шешім
ЮНИСЕФ ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетімен және ҚР Білім және ғылым министрлігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған және «Қазақстан Республикасында ұйымдарға және ұрымтал топтарға апаттар қауіп-қатерін азайтуда қолдау көрсету» бағдарламасын жүзеге асыруда қолдау көрсетеді. Білім саласына ерекше көңіл бөле отырып, бағдарлама апаттар қауіп-қатерін азайту элементтерін мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына және оқу бағдарламаларына, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйелеріне және мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қауіп-қатерлерді басқару бойынша күнделікті жұмысқа енгізуге бағытталған.
Бағдарламаны жүзеге асыру уақыты ішінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы және Алматы мен Астана қалаларындағы ресурстық және пилоттық мектептерде және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 4 000 мұғалім және 70 000 оқушы апаттарға дейін, кезінде және кейін қауіпсіз мінез-құлық бойынша білімі мен дағдыларын жетілдірді.
Апаттар қауіп-қатерін азайту білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш және орта мектеп бағдарламасына, сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесіне енізілді.
Бағдарламаның бағыттарының бірі болып Жаһандық мектеп қауіпсіздігі тұжырымдамасына сәйкес мектеп ғимараттарының қауіпсіздігін бағалау және қамтамасыз ету ұлттық жүйесін жетілдіру табылады. ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауымен Астана, Алматы, Ақтау, Қызылорда және Өскемен қалаларында 38 мектептің құрылымдық қауіпсіздігі бағаланды. Бағалау нәтижелері бойынша республикалық деңгейде ұсынымдар әзірленіп, берілді.
Апаттар мен ТЖ кезінде балаларды қорғаудың инновациядлық әдістемелері: ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану
Қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) түрлі салаларда барған сайын кеңінен қолданыла бастады. ЮНИСЕФ те балаларға көмек көрсету үшін ҰҰА пайдалану мүмкіндіктерін белсенді зерттеп жатыр, ондағы мақсаты – балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту, өмір мен денсаулыққа қауіпті жағдайларға түсуін болдырмау, төтенше жағдайлар кезінде құтқару және қажетті дағдыларға үйрету. 2017 жылы ЮНИСЕФ Қазақстанда «Сынақ дәлізі» деп аталған, яғни, ҰҰА пайдалану технологияларын сынауға арналған сынама аудан құру жұмысын бастады. Қазіргі таңда ЮНИСЕФ мамандары ҰҰА пайдаланудың болашағынан молырақ үміт күттіретін бағыттары (ЮНИСЕФ мандаты тұрғысынан) болып табылатындар ретінде келесілерді санайды:
-
- қауіп-қатер аймақтарын көзбен шолып шығу арқылы алдын-ала анықтау және артынша осындай аймақтарға тұрақты немесе ара-тұра мониторинг жүргізу арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу;
- салмағы мен көлемі шағын жүктерді жедел жеткізу (дәрі-дәрмектер, екпелер);
- төтенше жағдайлар кезінде адамдарды іздеуге және құтқаруға қатысу;
- ТЖ аймағында уақытша байланыспен жедел қамту (GSM ұялы телефон байланысы және Wi-Fi);
- орын алған төтенше жағдайдан келген шығынды бағалау (зақым көлемін, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын қалпына келтіруге қажетті жұмыстар тізімін анықтау).
Қазақстандағы жағдайды бағалау бойынша алдын-ала жұмыс барысында ҰҰА саласында үлкен әлеует бар екені анықталды: осындай техниканы өз бетінше өндіретін (соның ішінде арнайы бағдарламалық қамсыздандыруда әзірлейтін) компаниялар бар, көптеген компаниялар ҰҰА негізінде сервистік қызметтер көрсетеді, сонымен қатар, мектептердің және мектепке дейінгі түрлі білім беру мекемелерінің (сарайлар/балалар шығармашылығы орталықтары) жанында ұшу аппараттарының үлгілерін жасау үйірмелері жақсы дамыған.
Ресурстар
ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасының Білім жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру республикалық институтымен ынтымақтастықта ұстаздарға және мектеп пен мектепалды жасындағы балаларға арналған оқу-әдістемелік кешенін алты модуль бйоынша әзірлеуге қолдау көрсетті: топан су, жер сілкінісі, өрт, сел және көшкін, төмен температуралар және алғашқы көмек көрсету. Оған қоса, «Рискландия» («Қауіп-қатер елі») интерактивті оқыту ойыны бейімделді, ал мектеп оқушылары апаттар қауіп-қатерлерін азайту бойынша 1 минуттық бейнероликтер жасауға үйренді.